Басқа спорт түрлері

Алғаш рет Қазақстанда «Министр кубогы» деген жарыс өтеді

Елімізде алғаш рет Мәдениет және спорт министрінің кубогы үшін кешенді жарыс ұйымдастырылады.

Додаға спорт саласындағы 17 оқу орнында тəлім алып жатқан 2006-2007 жылы дүниеге келген жасөспірімдер қатысады. Олар халық арасында кең танылған спорт түрлері – бокс, дзюдо, грек-рим және еркін күрестен кім мықтыны анықтайды.

Командалық бәсекенің мақсаты – дарынды балалардың көзге түсуіне жағдай жасау, спорт мектеп-интернат-колледждер арасындағы бәсекелестікті арттыру. Жарысқа тек 2021-2022 оқу жылына дейін қабылданған шәкірттер қатыса алады.

Бүгін елордада жеребе тарту рәсімі болып, 17 команда 4 топқа бөлінді. Аталған командалар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе мен Тараз қаласында өзара күш сынасады.

Әр топтағы командалар айналмалы жүйе бойынша бір-бірімен кездеседі. Қорытынды нəтиже төрт спорт түрі бойынша жеңіп алған медальдар сапасы бойынша анықталады. Тек 1-орын алған командалар жартылай финалға шығады. Онда А тобының жеңімпазы С тобының үздігіне, В тобының мықтысы D тобының жеңімпазына түседі. Жартылай финал жəне финал 22-24 мамыр аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.

«Алдағы уақытта «Министр Кубогі» сарапқа салынатын спорт түрлерінің санын көбейтуге тырысамыз. Мұндағы мақсат – спорт мектеп-интернат-колледждер арасындағы бәсекелестікті арттыру. Осы кешенді жарыс бізге әр спорт түріндегі білікті бапкерлерді анықтауға көмектеседі, деп сенеміз. Сонымен қатар арнаулы оқу орындарындағы өзекті мәселелерді анықтап, міндетін айқындаймыз, деп ойлаймын»,-деп айтты МСМ Спорт жəне дене шынықтыру істері комитеті төрағасы Самат Ерғалиев жеребе тарту рәсімі кезінде.

Министр кубогының жалпы жүлде қоры 10 миллион теңге.

1-орын алған командаға — 5 млн, 2-орынға – 3 млн, 3 орынға – 2 млн теңге беріледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button