БастыФутбол

«Қайраттың» тас қамал қорғаушысы Нұрәлі Әліп ресейлік командаға ауыса ма?

Ресейдің бірнеше дүркін чемпионы «Зенит» футбол клубы қазақстандық қорғаушы Нұрәлі Әліпті оқу-жаттығу жиындарына шақырды. 22 жастағы отандасымыз Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен жиынға қатысты. Енді Португалиядағы екінші жаттығу жиындарына да барады.

Соңғы жылдары Санкт-Петербург клубы мен «Қайраттың» арасында жақсы байланыс орнатылған. Бұл бірінші кезекте «Қайрат» футбол клубының басшысы Қайрат Боранбаев пен «Зениттің» басты демеушісі «Газпром» басшылары арасындағы қарым-қатынас. Соның арқасында 2018 жылы Петербургте «Зенитпен» жолдастық кездесу өткізді. «Зенитте» ойнаған Андрей Аршавин, Анатолий Тимощук сынды тісқаққан футболшылары «Қайратпен» келісім-шарт жасап, біраз жыл оңтүстік астанамызда доп тепті.
2020 жылы «Қайрат» командасының капитаны болған Бауыржан Исламхан да «Зениттің» оқу-жаттығу жиындарына шақырылып, кейіннен Араб Әмірлігінің командасына ауысты.

Әке-шешесінен ерте айырылды
Нұрәлі Әліпті Алматының тумасы деп ойлайтындар бар. Шын мәнінде ол Ақтауда дүниеге келген. 2015 жылы «Қайраттың» «скауттары» жас футболшының ойынын жоғары бағалап, Алматыға алдырды.
Нұрәлі «Каспий» клубында шабуылшы болды. Ал қорғаныс шебінде ойнауды тек «Қайратқа» келгеннен кейін үйрене бастады. Мұның себебін сол кездегі «Қайрат» академиясының жаттықтырушысы Дмитрий Галямин былай түсіндірген: «Неліктен біз оны қорғаушы еттік. Өйткені, Әліптің физикалық көрсеткіштері жақсы. Баспен тәуір ойнайды, техникасы да бар. Оның үстіне алаңда әрбір допқа соңына дейін таласады. Үлкен футболда орталық жартылай қорғаушы болып ойнау өте қиын. Сондықтан физикалық көрсеткіштеріне қарап, қорғанысқа ауыстырдық. Кейіннен ол бұл шепте Қазақстандағы ең мықты футболшылардың біріне айналды».
Футболшының алғашқы бапкері Ержан Жамбыров шәкіртінің басты артықшылығы ретінде мінезі мен алаңды жақсы көре білетінін, кез келген сәтте ойынды ұйымдастырып кете алатындығын айтты.
«Нұрәлінің он жасында әкесі, он екі жасында анасы қайтыс болған. Тағдырының қиын болғанына қарамастан ол өзінің мінезінің арқасында осындай дәрежеге жетті», дейді Е.Жамбыров.
Нұрәлі Әліп «Қайрат» сапында алғашқы ойынын 18 жасында өткізді. 2018 жылы Қазақстан премьер-лигасының алғашқы турында алаңға шықты. Бойы ұзын орталық қорғау­шы екі аптадан кейін ұлттық құрамаға шақырылды.
Сол кезде ұлттық құраманың бас бапкері болған Станимир Стоилов бұл футболшыға берілген «аванс» деп айтқан.
«Мен Әліптің бір ғана ойынын көрдім. Бірден шақырту жібердім. Бұл оған берілген «аванс». Оның бо­йында негізгі құрамның футболшысы атануға барлық қабілет бар. Жалпы, Нұрәлі Әліп – Қазақстан футболының болашағы», – дейді болгариялық бапкер.
Әліп «Қайратта» өткізген алғашқы маусымда 21 ойынға қатысып, 1 гол соқты. Сол жылы алматылық команда Қазақстан кубогын жеңіп алды.

Болашағы зор футболшы
22 жастағы қорғаушы кәсіби деңгейде төрт жылдан бері ойнап жүр. Осы күні «Қайрат» пен Қазақстан құрамасының негізгі қорғаушысы. Ел біріншілігінде топ жарып, еурокубокта тәжірибе жинақтаған. Енді өз күшін басқа чемпионатта сынауға жақын тұр.
Ресейлік футбол сарапшысы Денис Сафронов бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Нұрәлі Әліп турады былай дейді:
«Нұрәлі Әліптің ойынына баға беруге әлі ертерек. Оның үстіне Ресей чемпионаты Қазақстанға қарағанда деңгейі жоғары. Сондықтан кез келген қорғаушы ға Ресей премьер-лигасында ойнау қиынға түседі. Тәжірибесі мол Ракицкий, Ловрен және жастардың арасында Чистяков пен Круговоймен бәсекелесу керек. Дегенмен, Нұрәлі өте салқынқанды. Жылдамдығы да бар. Алғы шепке пас шығарып, шабуылшыларды қамшылай біледі. Баспен де жаман ойнамайды. Мен оны ЦСКА-дағы Игорь Дивеевтің ойынына ұқсатамын…».
«Қызыл-Жар» бапкері Андрей Карповичтің айтуынша, қазақстандық қорғаушы қазіргі кезде Ловрен мен Ракицкийден бірнеше аспекті бойынша жоғары тұрғанын айтады.
«Әліп өте жылдам футболшы. Әрі жас. Болашағы бар. Бірақ тәжірибелі ойыншылармен бәсекелес тұрғысынан қиындық тудырады. Нұрәлінің карьерасы енді басталып жатыр. Әліпті «Зениттің» оқу-жаттығу жиынына шақыруы мен үшін тосын сый болған жоқ. Ол дәл қазіргі таңда еліміздің ең үздік қорғаушыларының бірі», дейді Андрей Карпович.
Айтпақшы, 2018 жылы Әліп Ан­дрей Карповичтің жаттықтыруымен Қазақстан кубогында топ жарды.
Былтырғы жылы футболшы
19 халықаралық матчқа қатысты. Оның ішінде 13 ойынды еурокубокта өткізген. Сосын ұлттық құрамамен
6 ойында доп тепті.
Енді «Зенитпен» Португалиядағы екінші оқу-жаттығу жиынына аттанып барады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button