Нұр-Сұлтанда пара дзюдодан Гран-при өтті
25-29 мамыр аралығында елордадағы Ж.Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында пара дзюдодан IBSA Гран-При бәсекесі өтті.
Турнирге 22 елден 201 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы 6 медаль жеңіп алды (1 алтын, 2 күміс және 3 қола). Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы Бразилия, Түркия және Иран елінен кейін 4-орынға тұрақтады.
Пара дзюдодан жарысқа қатысатын спортшылардың екі категориясы болады — J1 және J2. Бірінші категория – зағип спортшылар, екінші санат – нашар көретін спортшылар.
Жарыстың алғашқы күні J2 — 48 келі салмақ дәрежесінде елордалық Ақмарал Науатбек жарқын жеңіске жетті. Ақмарал барлық жекпе-жегін иппонмен, таза ұтты. Бұл оның паралимпиадалық дзюдодан бірінші халықаралық жарысы.
Ерғали Шәмей (73 кг. J1) және Олжас Оразалы (73 кг.J2) күміс медальге қол жеткізді. J2 санатында Даяна Федосова (57 кг) қола медаль үшін күресте қарсыласынан айласын асырды. Ал доданың екінші күнінде бірден 5 қазақстандық спортшы қола медаль үшін күресті. Олар:
1. Жанбота Аманжол 90 кг.J2.,
2. Дулат Бөгенбаев +90 кг.J2.,
3. Бауыржан Арыстанбеков 90 кг. J1.,
4. Ерлан Өтепов +90 кг. J1.,
5. Ерлан Конкиев +90 кг. J2.,
Аталған жекпе-жектерде Жанбота Аманжол мен Бауыржан Арыстанбеков жеңіске жетті.
Гран-Придің марапаттау рәсіміне ҚР МСМ Спорт жəне дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев пен Республикалық Спортты дамыту дирекциясы директоры Маратбек Мықтыбеков қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.
Айта кетейік, бәсеке ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің және Sport Qory спортты қолдау қорының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.