БастыФутбол

Қазақстан құрамасы көш бастады

Футболдан UEFA Ұлттар лигасында С дивизионында Қазақстан ұлттық құрамасы елордадағы «Астана Арена» стадионында Словакия командасын қабылдап, 2:1 есебімен басым түсті.

Бұған дейін Қазақстан құрамасы 3 ойында 7 ұпай еншілеп, көш бастап келе жатқанымен, екінші орындағы словакиялықтар топтың негізгі фавориті еді.

Бұл ойында құрамаға оралған Асхат Тағыберген капитандық тізгінді қайта қолға алды. Ал Исламбек Қуат екі рет ескерту алғандықтан, матчтан тыс қалды.

Бірінші таймның 18-минутында оң қапталдан пас асырған Михаил Габышевтың добы Ян Вороговскийге бірінші жетіп, ол допты жерге түсірместен бірден қақпаны нысанаға алды. Осылайша, есеп ашылды.

31-минутта Я.Вороговскийдің тағы бір гол соғатын мүмкіндігі болды. Есесіне 39-минутта тағы да оң қапталдан А.Тағыберген берген допты Эльхан Астанов баспен торға дәл түсірді. Бұл Э.Астановтың ұлттық құрамадағы алғашқы голы еді.

Екінші таймның 51-минутында словакиялық Матуш Бероның айып алаңның сыртынан тепкен добы голға айналды – 1:2.

Бұдан кейін Игорь Шацкий бір емес, бірнеше мәрте өз қақпасын аман алып қалды. 87-минутта дөрекі ойнаған словакиялық Ондрей Дуда алаңнан қуылды. Осылайша, қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірген Қазақстан құрамасы ұпай санын 10-ға жеткізді.

Ресейлік маман Магомед Адиев жаттықтырғаннан бері қазақстандықтар төрт кездесуінде үшеуінде жеңіске жетіп, біреуінде тең түсті. Бұл – тамаша нәтиже. Қазақстан құрамасы қалған ойындарын қыркүйек айында өткізеді.

22 қыркүйекте Беларусьті қабылдаса, үш күннен кейін сырт алаңда Әзербайжанмен кездеседі. Осы екі кездесуден кем дегенде екі ұпай еншілесе, Қазақстан құрамасы топтан бірінші орынмен В дивизионына көтеріледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button