Марсело. «Реалдың» аңыз ойыншысы
Бразилиялық футболшы Мадридте 15 жылын өткізіп, клуб тарихында атақ-даңқ жөнінен жеке дара көш бастады: 25 кубокқа иелік еткен ол аты аңызға айналған Пако Хентоның (23 кубок) алдын орап кетті.
Марселоның кубоктарына тамсанбайтын жан жоқ:
• 6 Испания чемпионаты;
• 2 Испания кубогы;
• 5 Испания суперкубогы;
• 5 ЧЛ;
• 3 УЕФА Суперкубогы;
• 4 клубтық әлем чемпионаты.
2007 жылдың қаңтарында мадридтіктер сапында алғаш рет алаңға шыққан Марсело маусым соңына дейін небары 165 минуттық ойын өткізіп-ақ Испания біріншілігінде топ жарды.
Ла Лига-2007/08-де «Реал» тізгінін Бернд Шустер қолына алған кез. Бұл бапкер бразилиялықты негізгі құрамда көбірек шығара бастады. Сондықтан екінші кубокта Марселоның үлесі зор.
2008/09-да «Реал» Ла Лигада топ жара алмағанымен, Испания суперкубогын иеленді. Екі ойын қорытындысында олар «Валенсиядан» айласын асырды – 6:5.
Көп ұзамай қоржын Испания кубогымен толықты. Естеріңізде болса, 2011 жылы Роналду қосымша уақытта «Барселонаның» қақпасын дәл көздеп, командасына жеңіс сыйлаған.
2011/12 маусымда «Реал» Ла Лигада жеңіске жетті. Марсело 32 матч өткізіп, 3 гол соқса, тағы 6 рет нәтижелі пас берген.
2012 жылы ел суперкубогы тағы «корольдік» клубқа бұйырды. Сырт алаңда сүреңсіз өнер көрсеткен «Барса» екі ойын қорытындысы бойынша «Реалға» есе жіберді.
2013 жыл сәтсіз өткенімен, 2014 жылы кубоктардан тау тұрғызған маусым болды: ЧЛ, клубтық әлем чемпионаты, Испания кубогы мен УЕФА Суперкубогы. «Реал» тек ел біріншілігінде есе жіберді – «Атлетиконың» жолы болды.
2016 жылғы маусымға «Реалдың» да, тиісінше Марселоның да реніші жоқ шығар. Испания кубоктарынсыз қалды демесеңіз, Чемпиондар лигасы, клубтық әлем чемпионаты мен УЕФА Суперкубогында топ жарды.
2016/17 маусымда бұған дейінгі атақтарға тағы Ла Лигадағы жеңіс қосылды.
Зинедин Зидан келгенде ЧЛ-дегі қатарынан үшінші жеңіс тойланды. Лорис Кариустің қателігі мен дубль авторы атанған Гарет Бэйл ойын тағдырын шешті.
«Бес жылда Чемпиондар лигасындағы төрт кубоктың әрқайсысы – нағыз сынақ. Кубокты қолымызға алып күлімдеп тұрғанымызды көресіздер, бірақ соларға қол жеткізу үшін қанша күш жұмсалғанын бағамдай алмайсыздар. Олар туралы ойлағанда кәдімгі фильмге ұқсап кетеді. Бірақ бейнелер керісінше қозғалады – аяғынан басына қарай», – деді Марсело.
Дәл сол жылы мадридтіктер клубтық әлем чемпионатының жеңімпаз атағын иеленді. 2018-дегі кубок Марсело үшін төртіншісі болатын.
2018/19 маусымда Марсело алаңға көп шыға қойған жоқ, сөйте тұра кубоктар саны көбейе берді. 2020 жылғы испан дублін көпшілік ұмыта қоймаған шығар – Ла Лига («Барсадан» 5 ұпай озды) мен Испания Суперкубогы (финалда пенальти бойынша «Атлетиконың» алдын орап кетті).
Марселоның «Реалдағы» мансабы да әдемі аяқталды: соңғы кездері үміті сөне бастаған жанкүйерлеріне Чемпиондар лигасының жеңісін сыйлап, Ла Лига мен Суперкубокты да қанжығаларына басты. Бұл маусымда 34 жастағы Марсело алаңда көп көріне де қойған жоқ. Бірақ «Эспаньолмен» болған чемпиондық ойында Родригоға нәтижелі пас берді.
«Үлкен қуаныш. Біз тез арада жеңіске жете білдік. Бұл әрбір ойыншының нәтижесі. Жанкүйерлермен бірге жеңісті тойлаудан асқан бақыт жоқ. Бұған дейін шектеулерге байланысты кездесе алмай жүрдік. Бұл кеш жанкүйерлерімізге арналады. Жеңісті әлемдегі үздік клубпен бірге өз алаңыңда тойлау – бұл ұлы қуаныш», – деп ағынан жарылған болатын футболшы.
Марселомен қоштасу кеші дүйсенбі күні «Сьюдад Реал Мадрид» алаңының мәжіліс залында өтті. Бұл іс-шараға бапкерлер, футболшылармен бірге президент клубы Флорентино Перес қатысты.
Осылайша Марсело 16 жылдан соң «Реалмен» қош айтысып кетіп барады. Осы аралықта ол после 545 матч (43229 минут!) өткізіп, 38 гол соқса, 103нәтижелі пас берген.