Басқа спорт түрлеріСаламатты Қазақстан

Арғымақ алпыс немесе алты Олимпиаданың куәгері

Қаламы қарымды спорт журналисі, жазу өнерінің шебері Қыдырбек Рысбекпен Бозбала кезімізде Алматыда табыстық. Біз оқу іздеп, оттай жанған Оңтүстіктен келдік. Ол қыр арқасын соқа жыртқан, орысы мен орманы көп Солтүстік жақтан келді. Содан ба, санасы сергек, ойы орамды еді. Ұлт ұпайын түгелдейді де жүреді. Біз КазГУ-дің журфагына, ол КазПИ-дің тарфагына түсті. Бірақ журналистерге есесін жіберген жоқ. Еркін жазды, есіліп жазды, көсіліп жазды. «Бес ғасыр жырлайды» мен «Батырлар жырын» жата-жастана оқыған оның тілі керемет құнарлы еді. Сол тілді салды көркем көсемсөздің көкпарына…

Арқадан Алатауға дейін алқынбай шауып жеткен Құлагер сынды еді ол… Жастықтың жалауы – «Жас алашта» жолымыз тоғысты. Біздің тұсымызда баспасөздегілердің де, басқа сөздегілердің де алымдылығы мен шалымдылығы жағынан оған жететіні жоқ еді. Ол сөзін кестелей, сөйлемін дестелей білді. Ұлттық өрнек салды. Əр сөзінің астары мен қатпарын жатып алып зерттейтін едік біз оның. Қатарластарымыз арасында алғашқы кітапты да Қыдыр шығарды.
Өрімдей жас кезінде дүние жүзіндегі құрлықтар құлақ түрген оқиғаларға арнаулы тілші аттандыра алатын «Ер-Дəулет» ақпарат агенттігін құрды. Төрт-бес жыл дəуірі жүрген «Ер-Дəулет» ресми агенттіктерден кем түскен жоқ. Кейіпкеріміз соңғы отыз жылда алты Олимпиаданың куəгері болды. Кəрі құрлықтардың шаңын қаққан талай дүбірлі додалардан шұғыл репортаж жолдады. Кейін спорт журналисінің қаламына қоса спорт шенеунігінің портфелін ұстады. Ірілі-ұсақты спорт мекемелерін басқарды. Ел аралап, шымыр денелі қазақ балаларын іздеп шарқ ұрды. Өз ісіне əбден берілді. Егілді. Жегілді. Сөгілді. Төгілді. Барған жерінің бəрінде жайқалып өскен құрақтай жасөспірімдер бой көрсетті. Соның бəрі шығармашылығына ептеп қолбайлау болғаны да рас.
Жоқ, қолын байлағанымен, жолын байлай қоймапты. Бұрын спорт əлеміне ат қосқан ұлт ұланына қатысты жылт еткен жаңалықты елге жедел жеткізіп, тұғырлы тарландарды теңдессіз теңеулер арқылы кейіптесе, енді қазақ спортының шежіресін жасаумен айналысты. Балуандарды да, боксшыларды да, бапкерлерді де түгелдеп шықты.

Диктовкаға кірісер сәт

Әйгілі жетінші қабаттағы «Жас алаш» машбюросының есігі алдында түнде жазған жедел дүниесінен тоят тауып, еріксіз езу тартып тұрған тілші Қыдырбек… Әлде спорт бөлімінің сапырылысқан алқын-жұлқын ақпараты ма екен… Соны тезірек номерге ұсынғың кеп, Шаһизада шайыр айтқандай, «Қолжазбаңның сиясын да сорғытпай, Машбюроға жүгіресің дедектеп»…
Сексен бесінші жыл. Бердіқұлов дәуірі. Сірә, машбюродағы тегеурінді төрт қыз «дәулерден» босамай жатса керек, біздің бала кезегін күткен сыңайлы. Компьютердің әлі қарасы көрінбейтін, тіпті дақпырты да жоқ кезең. Дәулер дегеніміз – азуы алты қарыс бөлім меңгерушілері. Бәлкім, Жарылқап Бейсенбайұлы, Несіп Жүнісбаев, Өтеген Оралбаев немесе Жұмагүл Солтиева… Тіпті қара сөзден құйын тұрғызатын Қайнар Олжайдың өзі отыруы да мүмкін.
Қазір кезегі келгенде кіреді Қыдыр қасиетті құтханаға. Төрдегі төрт қыздың босай қалған біреуіне, бәлкім, Аяш Айтбаеваға, әлде Гүлжәмила Шымырбаеваға, немесе Баян Дарғожинаға, не болмаса Кәмшат Төлешоваға таяу келіп, жанына жайғасып, қолындағы қолжазбаны оқи жөнеледі. Түнде аяқтап үлгермеген тұсын миының мүйісінен суырып алып, диктовкамен жалғайды.
О, қайран біздің машбюроның қыз­дары! Шетінен мықты еді.
Сарт-сұрт! Сарт-сұрт, қағып алып сөзіңді,
Машинка үні тауысады төзімді.
Осындайда жауған оқтың өтінде,
Жүргендей бір сезінесің өзіңді, –
деп арқалы ақын жырлағандай, бабында тұрған бойжеткендер білегін сыбанып алып, алдындағы «пулеметін» оңтайлап, оңды-солды төпелей түседі сосын. Ал енді бар ғой, дәл осы сәттің рахатына ештеңе жетпейді! Қыдыр бәріміз жас шағымызда осындай жанкештілікпен жұмыс істедік. Жеделдік мектебінен өттік. Ұстаздарымыз бозбала күнімізден томағамызды алып, топқа салды.
…Сонымен, ол машбюроның алдында тұр. Бұл бөлменің әлдеқашан тарих қойнауына кеткен, сымы сала құлаш сары телефонының номері: 33-92-66. Ал осы әдемі де әсерлі суретті түсірген кім дейсіз бе? Әрине, майталман фототілші Рахымбай аға Ханалиев!
Сол машбюроның есігі алдында езуін жинай алмай тұрған тарамыс қара бала бүгін алпысқа толды! Арғымақ алпыс!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button