Денис Тенсіз өткен төрт жыл…
Бүгін, 19 шілдеде, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қайтыс болғанына төрт жыл толды.
2018 жылы дәл осы күні танымал спортшы Алматыда автоұрылардың қолынан қаза тапты. Тен алған жарақатынан көп қан жоғалтып, салдарынан ауруханада көз жұмды.
Денис 1993 жылы 13 маусымда Алматыда өмірге келген. Ол үш жасынан бастап коньки тепкен. 2003 жылы 10 жасар Денисті танымал бапкер Елена Буянова байқап, Мәскеуге шақырған. Жеті жыл бойы Мәскеуде ол мәнерлеп сырғанауды меңгерді.
Денис өзінің алғашқы ірі жеңісіне 12 жасында Қазақстан чемпионатында қол жеткізген. 13 жасында Нидерландтағы Гран-придің кіші кезеңінде оныншы орыннан көрінді.
2014 жылдың мамыр айында Тен Қазақ спорт және туризм академиясын қызыл дипломмен бітірді. Қазақстан-Британ техникалық университеті жанындағы Бизнес мектебінде оқыды, Мұнай және газ бағдарламасы бойынша іскерлік әкімшілік магистрі дәрежесін алды.
2014 жылы Олимпиада ойындарында өнер көрсеткеннен кейін Денис Тен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы және жалғыз мәнерлеп сырғанаушы – Олимпиада жүлдегері болды.
Сонымен қатар Денис – 2013 және 2015 жылғы әлем чемпионатында, 2015 жылғы құрлықтық чемпионатта, 2017 жылғы қысқы Универсиадада, 2011 жылғы қысқы Азия ойындарында және мәнерлеп сырғанаудан Гран-приде медаль жеңіп алған жалғыз қазақстандық спортшы.