Таеквондо: кадеттер құрамасын әлем чемпионатына шығарып салу рәсімі өтті
Алматы қаласындағы «Анкара» қонақүйінің «Астана» залында таеквондодан кадеттер құрамасын әлем чемпионатына шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды федерацияның баспасөз қызметі.
Айтулы іс-шараға Қазақстан таеквондо федерациясының Экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті Қанат Сағынаев пен Спорт мәселелері жөніндегі вице-президент Қайрат Дүйсенов, сонымен қатар Батырбек Есдәулетов бастаған ересектер құрамасы қатысты.
«Әлем чемпионатына қатысу – үлкен мүмкіндік әрі жетістік, сонымен қатар зор жауапкершілік: себебі Болгарияға Қазақстанның абыройын асқақтату үшін кетіп барасыздар. Бұл мінез бен төзімділіктің сынға түсетін кезі.
Сіздер қажыр мен қайратты талап ететін дайындық жұмыстарын өткердіңіздер. Сондықтан сіздерге ең алдымен сәттілік жолдас болсын дегім келеді. Өз-өзіңізге деген сенімділікті жоғалтпаңыздар!
Барлығыңызға сәттілік тілейміз! Біз сіздер үшін жанкүйер боламыз», — деді Қайрат Дүйсенов.
Бұл ізгі тілекке аға буын өкілдері де қосылып, маңызды сында ізбасарларына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ федерация басшылығы кадеттер құрамасына жан-жақты қолдау көрсетілетінін алға тартты.
Айта кетейік, таеквондодан кадеттер арасында әлем біріншілігі 28-31 шілде аралығында Болгария астанасы Софияда өтеді. Оған Қазақстаннан 20 спортшы қатысады.