Басқа спорт түрлері

Алда – Азия чемпионаты

Желтоқсанның 19-22 аралығында Алматыда каратэден Азия чемпионаты өтеді. «Сары құрлықтың» спортшылары сайысқа түсетін жарыста жасөспірім, жастар және есесектер арасында кіл мықтылар анықталады.

Осы аптаның басында каратэден Қазақстан құрамасының бас бапкері Асқар Молдағали құрлық біріншілігінде ел намысын қорғайтын қыз-жігіттердің тізімін жариялады. Бас бапкер түзген тізімде жақында әлем чемпионатында медаль алған Нұрқанат Әжіқанов пен Софья Берульцева да бар.

Ерлер арасындағы сайыстың 60 келі салмақ дәрежесінде бас бапкер Еркінбек Байтөреевке сенім артып отыр. Бұл салмақта баршамызға белгілі Дархан Асәділов бар. Бірақ, Асәділов Олимпиада ойындарынан кейін тынығуды жөн көрген сияқты.

67 келіде Дидар Әмірәлі бақ сынаса, 75 келінің тізгінін Нұрқанат Әжіқанов ұстады. 84 келіде Бейбарыс Жаңбыр жарысқа түседі. Ал, аса ауыр салмақта, яғни, +84 келіде Нұрнияз Елдашевтің өнерін тамашалаймыз.

Қыздар құрамасына келсек, Асқар Молдағали бапкер жақында әлем чемпионатына барған бойжеткендердің барлығын дерлік Азия чемпионатына қатыстырғалы отыр. Яғни, Мөлдір Жаңбырбай (50 келі), Сабина Захарова (55 келі), Николь Ценгель (61 келі), Әсел Қанай (68 келі) және Софья Берульцева (+68 келі) бестігі Алатау баурайындағы аламанда бақтарын сынайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button