Баласын коньки спортына берген чемпионның әкесі әділдік іздейді
Қысқы спортта қазақ баласы неге жоқ деп шырылдап жүреміз. Бірақ саналы түрде барған қарагөздері аяқтан шалуды тоқтатпайтындар бар. Мысалы, жақында Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектеп-интернатында бірнеше жыл қызмет атқарған, күрес бапкері Жәрдембек Қабылхан есімді азамат хабарласты.
Өзі өмір бойы күресте жүрсе де, баласының жекпе-жек өнеріне емес, аяғына коньки киіп, қысқы спортқа барғанын қалапты. Ұлы Алтай Жәрдембек әке сенімін ақтап, аз уақыттың ішінде біраз жетістікке жетіп үлгеріпті. Беларусь елінде өткен ашық кубокта 500 метрге қашықтыққа жүгіруден топ жарған. Одан да басқа жетістіктері баршылық.
Алдағы қаңтар айының 12-22 күндері АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында қысқы Универсиада өтеді. Тізімге әуел баста Алтай да ілінген. Бірақ кейіннен алынып тасталған. Енді одан көрсеткіші төмен басқа біреу барады екен. Мұндай әділетсіздікке әкесі де, баласы да көндіге алмай отыр.
Жәрдембек Қабылхан осыған дейін балама кесірім тимесін үңдемей келгенін, әйтпесе спорттың бұл түрінде талай сорақылықтың болғанын айтып отыр.
«13 желтоқсан күні балама Универсиадаға бармайтын болдың деген хабар берген. Анық-қанығын білейік десек, әркімге бір сілтейді. Студенттер спорты болған соң, Оғу-ағарту министрлігіне қарасты Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы бар. Одан кейін Қазақстан Ұлттық студенттер спорт одағы жұмыс істейді. Универсиадаға баратындардың тізімін осылар реттейді. Енді менің баламның орны жеке рекорды төмен спортшыны апарғалы отыр. Кубокта да Алтайдан қалып қойған», – дейді Жәрдембек Қабылхан.
Ол бұл тек өз баласының басындағы ғана мәселе емес, бітеу жара секілді әбден дендеп кеткен індет тұр. Мың күн сыңбаған шөлмек, бір күні сынатындай бәрібір жарылатынын айтты. Сондықтан осы саладағы қордаланып қалған мәселелерді жоғарыдағы басшыларға жеткізгісі келеді. Ел президентінен бастап, барлығы конькидегі әділетсіздік, жемқорлыққа назар аударса дейді.