БастыТеннис

Australian Open: қызықты 20 дерек

Теннистен жылдың алғашқы ірі турнирі Australian Open биыл біраз даумен өткені белгілі. Жеңістен дәмелі спортшылардың бірі әрі бірегейі Новак Джокович вакцина салғызбағандығына байланысты турнирден шеттетіліп, бұл жайт сербиялықтың жанкүйерлерінің ашуын туғызды, деп хабарлайды qazaqsporty.kz. Есесіне испаниялық Рафаэль Надальдің қолдаушылары оның Үлкен дулығада 31-рет жеңіске жеткенін тойлады. Мұның бәрі биылғы қызықтар. Ал турнирдің жалпы тарихына көз жүгіртіп көрсек қалай болар екен.

Австралия ашық чемпионаты (ағыл. Australian Open) – Үлкен дулыға аясында өтетін төрт турнирдің бірі. Дода барысында ерлер, әйелдер, жұптық, аралас, жастар мен ардагерлер сындары ұйымдастырылады. Биылғы турнирдің сыйақы қоры 60,5 миллион Австралия долларына тең, яғни 42,5 миллион АҚШ долларын құрайды. Жарысты тамашалап қана қоймай, турнир тарихынан қызықты мәліметтерді де белгіңіз келсе, мына 20 дерекке көз жүгіртіп шығыңыз.

  1. Ең алғаш рет 1905 жылы Мельбурнде жалауы желбіреген жарыс ол кезде «Австралазия чемпионаты» деп аталатын. 1927 жылы «Австралия чемпионаты деп өзгертілсе, 1969 жылы бүгінгі атауына ие болды. 1905 жылдан бері біріншілік алты жерде өткізілген:

Мельбурн (46 рет),

Сидней (17 рет),

Аделаида (14 рет),

Брисбен (8 рет),

Перт (3 рет),

Жаңа Зеландия (2 рет, 1906 және 1912 жылдары).

  1. В 1977 жылы чемпионат екі рет ұйымдастырылған – қаңтар және желтоқсан айларында. Себебі, сол жылы жарысты желтоқсанда өткізу туралы шешім қабылданған болатын. Ал араға он жыл салып қайта қаңтарға ауыстырылды. Әлемдік соғыстарға байланысты тарихта екі рет өткізілген жоқ. 1988 жылы турнир жаңа теннис кешеніне – «Мельбурн Паркке» ауыстырылды.
  2. Жарыс рекордшылары – жергілікті теннисшілер. Бұлай дейтініміз, ерлер арасында жекелей сында Рой Эмерсон 6 рет, әйелдер арасында Маргарет Смит Корт 11 рет топ жарған. Барлық сындардағы абсолютті рекорд та Кортқа тиесілі – 23 жеңіс.
  3. Ерлер арасында ең ұзаққа созылған ойын – сербиялық Новак Джокович пен испаниялық Рафаэль Надаль арасында өткен финал. 2012 жылы 5 сағат 53 минутқа жалғасқан матчта 5:7, 6:4, 6:2, 6:7, 7:5 есебімен Джокович жеңіске жетті. Ал әйелдер арасында Барбара Захлавова-Стрыкова – Регина Куликованың кездесуі 259 минутқа созылып, 7:6, 6:7, 6:3 есебімен (2010 жыл) Барбараның мерейі үстем болған.
  4. Австалиялық Кен Розуоллдың жеке сындағы бірінші және соңғы жеңісінің арасын 19 жыл бөліп тұр. 1953 жылы алғаш рет үздік шыққан Кен 1972 жылы төртінші рет жеңіс тойын тойлады. Осылайша ол аталған ашық біріншіліктің ең жас әрі ең егде жастағы чемпионы болып келді. Тек былтыр швейцариялық Роджер Федерер сол көрсеткішті жаңартып, аламанның ең егде жеңімпазы атағын иеленді.
  5. 1977 жылдың желтоқсанында, қызын дүниеге әкелген соң араға небәрі 6 ай салып Ивонн Гулагонг жекелей сында төртінші рет жеңімпаз атанды. Жергілікті теннисші Ашық дәуірде Үлкен дулыға турнирін ұтқан алғашқы ана болып тарихта қалды.
  6. Жергілікті теннисшілер арасында бұл додада соңғы рет жеңіске жеткен ару – Крис О’Нил. Жеңіске жетер алдын ол әлемдік рейтингте 111-орында тұрған. Сондықтан ол Ашық дәуірде ҮД турнирлерінде ең төмен нәтижемен топ жарғандығымен де есте қалды.
  7. Австралия ашық біріншілігіне шетелден де қызығушылық артып, 1984 жылы алғаш рет ESPN телеарнасы матчтарды АҚШ аумағында көрсетті.
  8. 1985 жылы Брисбен, Сидней және Мельбурндегі үш турнирде жеңіске жеткен Мартина Навратилова жасыл құрлықта хет-трик жасаған жалғыз теннисші болып тұр.
  9. 1997 жылы жеңіс тойын тойлаған Мартина Хингис ХХ ғасырда ҮД жарыстарында жеңімпаз атанған ең жас теннисші болды.
  10. AO-97-де ерлер арасындағы жұптық сынның екінші айналымына өту үшін австралиялықтар Уэйн Артурс пен Джон Айлэнд Австралия Ашық чемпионаттары тарихында ең ұзаққа созылған сетті ойнауға мәжбүр болды. Италиялықтар Кристиан Бранди мен Филиппо Мессоримен өткен сетте 6:3, 3:6, 29:27 есебі тіркеліп, жаңбырға байланысты екі сағаттық үзілісті қоспағанда, 4 сағат 36 минутқа жалғасқан.
  11. 1997 жылы 21 қаңтарда аптап ыстық кортты 60 градусқа дейін қыздырған соң, бас төреші Питер Белленджер Үлкен дулыға турнирлерінің тарихында тұңғыш рет Орталық кортты жылжымалы қақпамен жабуға рұқсат берді.
  12. Мельбурн корттарында апалы-сіңлілі Уильямстер арасында алғаш рет ресми ойын өтіп, жеңіс Винуске бұйырды.
  13. 1998 жылы 21 жастағы Николя Эскюде Ашық дәуірдегі турнирлердің ресми рекордын орнатты. Бұған дейін ешбір теннисші бастапқы екі партияда жеңіліп тұрып, бес сеттік үш матчта жеңіске жеткен емес. Франциялық спортшы осылайша Магнус Ларссон, Ричи Ренеберг пен Николас Киферден басым түсті.
  14. 2001 жылғы АО – Үлкен дулыға турнирлерінің арасында аралас жұптық сында толыққанды үшінші сеттің орнына «корольдік» тай-брейк ойналған алғашқы біріншілік.
  15. Ең жылдам соққы румын Мариус Копилге тиесілі. 2015 жылғы турнир барысында оның соққысы сағатына 242 шақырыммен ұшқан.
  16. 2003 жылы Мартина Навратилова үндістандық Леандер Паеспен бірге жаңа рекорд орнатты. Себебі, ол Үлкен дулыға турнирін 46 жастан 3 ай асқан кезде жеңіп алды. 1924 жылы ерлер сынында жеңіске жеткен австралиялық Норман Брукс Мартинадан бір ай кіші болған еді.
  17. Әйелдер арасында хит-трикпен жиі көзге түскендер – австралиялықтар Дафни Экхерст (1925, 1928, 1929 жылдары), Нэнси Уинн-Болтон (1940, 1947, 1948 жылдары).
  18. Ерлер сынында жеңіске жеткен теннисшіге біріншілктің дамуына атсалысқан, өзі де жеңіске жеткен жергілікті Норман Брукстің құрметіне Norman Brookes Challenge Cup табысталады.
  19. Әйелдер сынының жеңімпазына турнирде бес рет (1925, 1926, 1928-1930 жылдары) топ жарған австралиялық Дафне Акхурстің құрметіне Daphne Akhurst Memorial Cup беріледі.

Авторы – Мәдина Асылбек

Басқа жаңалықтар

Back to top button