Қысқы универсиадада Қазақстан атынан 78 спортшы өнер көрсетеді
2-22 қаңтарда Лейк-Плэсид қаласында (АҚШ) өтетін ХХХ қысқы универсиадада Қазақстан намысын 78 спортшы қорғайды.
«Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК-ның баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, он күн ішінде 12 спорт түрінен 86 жүлде жиынтығы иесін табады.
Бұған дейін универсиада тарихында мұнша медаль сарапқа салынбаған. Лейк-Плэсид-2023 ұйымдастыру комитеті өз тарапынан жарыстар күнтізбесіне шаңғы қоссайысы мен тұғырдан секіруді қосып отыр.
Әлемдік додаға 50 елден 1 443 атлет (832 ер, 611 әйел) қатыспақшы.
Байрақты бәсекеде Қазақстан атынан 78 спортшы сынға түссе, соның 14-і шаңғымен жарысуға шығады.
Делегация құрамындағы бас бапкер Нұрберген Жұмағазиев бастаған 12 шорт-трекшіден қазақстандықтар үлкен үміт күтеді.
Биатлон – 9, мəнерлеп сырғанау мен конькимен жүгіруден 6 спортшы бақ сынайды.
Сноуборд, тау шаңғысы спорты, тұғырдан секіру мен қоссайыстан 2 адамнан бар.
Шайбалы хоккейден ұлттық құрама сапында 21 студент бар.
АҚШ-тағы универсиаданы Qazsport арнасы тікелей эфирде көрсетеді.