Хоккей

«Барыс» ресми түрде ҚХЛ-дың плей-офф жолдамасынан қағылды

«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Беларусьтің «Динамо» (Минск) командасымен өткізді.

Матчтың бірінші кезеңінде командалар бір-бірінің қақпасы маңында жиі шабуыл ұйымдастырды.

Гол соғатын мүмкіндік іздеді. Дегенмен таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Екінші кезеңде беларусьтік клуб хоккейшілері қатарынан үш гол соғып кетті. Оны Райан Спунер 21, Ник Меркли 31, Роман Горбунов 32-минутта өзінің еншісіне жазды.

Оған «Барыс» хоккейшісі Никита Михайлис 35-минутта бір шайбамен жауап қайырды.

Үшінші кезеңде елордалық клубтан Лиден Вей 42-минутта есеп айырмасын қысқартты. Дегенмен одан кейін Райан Спунер 50-минутта тағы бір голдың авторы атанса, Роман Горбунов 58-минутта қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Барыс» қарсыласына 2:5 есебімен есе жіберді. Сөйтіп, ресми түрде ҚХЛ-дың плей-офф бәсекесінен қағылды.

Енді елордалық клуб 18 ақпанда Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасына қарсы өткізеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button