Балуандардың соңғы бәсекесі
Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты басталды. Еліміздің барлық аймағынан келетін балуандар күрестің үш түрінен жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайды.
Еркін күрестен Қазақстан құрамасының бас бапкері Әсет Серікбаев «Olympic.kz» сайтына берген сұхбатында Қазақстан чемпионатында бірнеше тәжірибелі балуандардың қатыспайтынын айтты.
«Ел чемпионаты негізінен жас балуандарды іріктейтін бәсеке болмақ. Еліміздің әр өңіріндегі талантты балуандар ұлттық біріншілікте барын салады. Өз кезегінде, біз ұлттық құрамаға үміткерлерді таңдаймыз. Жастарға мүмкіндік береміз. Ұлттық құрама спортшыларының арасында биылғы додаға қатыса алмайтындар бар. Олар – Нұрислам Санаев, Данияр Қайсанов және Адлан Асқаров. Санаев Олимпиададан кейін демалыс алды, Қайсанов жарақатын емдеп жатыр. Ал Адлан жақында ауырып қалғанына байланысты чемпионаттан сырт қалды. Тағы бір жаңалық — Әлішер Ерғали осы чемпионатта 125 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күреседі. Чемпионатпен бірге биылғы маусымдағы жарыстар тізбегі аяқталады. Келесі жылдың шымылдығын ашатын ресми жарыс – Азия чемпионаты. Жалпы, келесі маусымдағы басты бәсекеміз Қытайда өтетін Азия ойындары болмақ», – деді бас бапкер Ә.Серікбаев.