Қарағандының «Жеңіс» дзюдо клубы Құрлықтық лигаға қатысады
Қарағанды қаласының «Жеңіс» клубы дзюдодан Құрлықтық лигаға қатысады.
Алғашқы кезең 8 сәуірде Мәскеуде басталады. Дебюттік жобаға 7 елден 20 ұжым шақырылған. Олардың арасында Ресей, Үндістан, Тәжікстан, Сербия, Беларусь, Иран, Қазақстан бар. Регламентке сәйкес командалар төрт топқа бөлінген.
Қазақстанның дзюдодан алғашқы кәсіпқой клубы «Жеңіс» жеребе қорытындысы бойынша А тобына түсті. Қарсыластары — «Самбо 70» (Мәскеу), «Стайки» (Беларусь), Жемчужина (Краснодар), Ходжи Шариф (Тәжікстан).
Келесі айналымға өту үшін Қарағанды командасына үздік үштікке ену керек. Жарыс айналым жүйесі бойынша өтеді. Әр клуб төрт кездесу өткізеді.
Турнирдің финалы 8 шілдеге жоспарланған.
Алдағы турнир туралы еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Жеңіс» клубының директоры Талғат Байшолақов өз пікірімен бөлісті.
Дзюдодан құрлықтық лига бұл жаңа жоба. Сонымен қатар біздің жігіттер үшін керемет мүмкіндік. Мықты қарсыластармен күресіп, тәжірибе жинақтайды. Бұл отандық татами шеберлерінің әлемдік додаларда сәтті өнер көрсетуіне көмегі тиетін алаң болмақ. Клубтың базасы Қарағандыда орналасады. Біздің өңірде оған барлық жағдай жасалған. Жігіттер жаңа спорт кешенінде оқу-жаттығу жиындарынан өтеді. Ол кешен КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері және ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы менің ағам Қанат Байшолақовтың құрметіне салынған,- дейді клуб директоры.
Ол клуб алдында жоғары мақсат қойып отырғанын айтты. Бапкерлер штабына да білікті мамандарды тартқан.
«Жеңіс» клубы біздің танымал дзюдошы, осы спорт түрінің шынайы жанкүйері Алмаз Әлсеновтың қолдауымен құрылған. Ол Қарағанды және қазақстандық дзюдоны дамытуға жан-жақты көмек көрсетіп келеді. Өзі ұлттық құрамада өнер көрсеткен. Клубтың бас бапкерлігіне біздің атақты маман Сергей Раковты шақырдық. Одан бөлек, жаттықтырушылар штабында Елдос Сметовтың жеке тәлімгері Ғалымжан Жылгелдиев бар. Еліміз осындай мықты мамандарды бағалауы тиіс. Барлық күшімізді салып, қазақстандық дзюдоны жаңа деңгейге көтере аламыз деп үміттенеміз, -деді Талғат Сайранұлы.