Ташкенттен қос күміс
Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында дзюдо күресінен әлемдік Grand Slam турнирі өтті. Дүниежүзілік додада 51 елден 400-ге жуық татами шебері бақ сынады. Олардың арасында Қазақстан балуандары да бар.
Жалпы, елімізден 24 спортшы барған. Көбісі, құраманың екінші-үшінші нөмірлі балуандар. Солардың арасында екеуі күміс жүлдеге ие болды.
Атап айтсақ, 60 келідегі Нұрқанат Серікбаев күміс жүлдегер атанды. Жас балуан финалда оңтүстіккореялық Ким Вон Джунге жол берді. 20 жастағы Тараз тумасының Нұрқанат Серікбаевтың ересектер арасындағы алғашқы ірі табысы.
Финалға дейін жерлесіміз барлық қарсыластарының жауырын жер иіскетті. Алдымен, Сауд Арабия спортшысынан басым түссе, екінші айналымда әзірбайжандық Ровшан Әлиевті қапы қалдырды. Ширек финалда татами иесі Дилшодбек Баратовты ұтқан Серікбаев жартылай финалда әлем чемпионы, грузин Чвимиани Лухумидің осал тұсын тапты.
Аталған сында 60 келіде күрескен тағы бір балуан Мерей Марханбетов алғашқы айналымда өзбек балуанына есе жіберді. 66 күрескен Есет Қуанов алғашқы айналымда ұтылса, Ғұсман Қырғызбаев бірінші белдесуінде испан спортшысын ұтқанымен, екінші кезеңде оңтүстіккореялық Ким Менджиннен айласын асыра алмады.
Сонымен қатар, әйелдер арасында 48 келіде күрескен Ғалия Тынбаев Куба балуанын ұтқанымен, ширек финалға шығар белдесуде сербиялық Андреа Стоялиновичке жол берді. 52 келіде тағы бір отандасымыз Толғанай Әбеуова Ташкент турнирін алғашқы айналыммен аяқтады.
Екінші күміс медаль 73 келідегі Данияр Шамшаевқа бұйырды. Данияр алдымен франциялық Аксус Бенжжаминді, сосын қырғызстандық Шыңғысхан Сағынәлиевті иппонмен ұтты. Ширек финалда түркиялық Умарт Демирелден айласын асырды. Жартылай финалда швейцариялық Нилл Штампты таза жеңді. Тек соңғы бәсекеде ғана өзбекстандық Муроджон Юлдошевке жол берді.
Сонымен бірге, 81 келіде күрескен Абылайхан Жұбаназар іріктеу кезеңдерінде ширек финалға дейін жетті. Отандасымыз бірінші белдесуінде Греция спортшысынан жеңіп, екінші кезеңде Оңтүстік Корея дзюдошысын ұтты. Алайда ширек финалда Австрия спортшына жол беріп, қола жүлде үшін жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алған еді. Өкінішке қарай, ол өзбекстандық Шарофоддин Болтабоевқа қарсы белдесуде жеңіліс тапты.
Әйелдер арасында бүгін 63 келіде күрескен Есмигүл Куюлова жарысты екінші айналымнан бастады. Ол алғашқы белдесуінде үндістандық Химанши Токасты жеңгенімен, екінші күресінде Венгрия балуанына есе жеберді. Ал 70 келіде күрескен Анастасия Маякова бірінші айналымда Италия спортшысынан айласын асыра алмаса, осы салмақтағы Роза Нысантайқызы өзбек дзюдошысынан ұтылды.
Жарыстың үшінші күнінде ауыр салмақтағы балуандардың жүлдегер атануға мүмкіндігі болған. Бірақ олар шешуші кезеңде осалдық танытты. Атап айтсақ, 100 келіге дейін салмақта белдескен Шархан Нұрлыхан жүлдеге бір қадам қалған жерден тоқтады.
Шархан алдымен Куба және Оңтүстік Корея балуандарын жеңіп, топтағы шешуші белдесуде болашақ чемпион, грузиялық Варлам Липартелианиден ұтылды.
Жұбаныш белдесуінде қазақстандық спортшы венгриялық Вег Цомберді ұтқан. Бірақ қола медаль үшін өткен күресте Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілі Джафар Костоевтан жеңілді. Осылайша, жарысты бесінші орынмен аяқтады.
Ал осы салмақта күрескен тағы бір дзюдошымыз Бекарыс Сәдуақас жұбаныш белдесуінде швейцариялық балуанға есе жіберді.
Әйелдер арасында +78 келі салмақ дәрежесінде белдескен Кәмила Берліқаш әккі қарсыласына жол берді. Турнир барысында отандасымыз Өзбекстан балуанын жеңіп, грузиялық қарсыласына есе жіберген. Жұбаныш белдесуінде ол италиялық Элеонора Джериді ұтты.Өкінішке қарай, қола медаль үшін күресте қытайлық Су Ксиннен иппонға түсіп қалды.
Жалпы, командалық есепте 4 алтыны бар Жапония топ жарды. Өзбекстан үш алтынмен екінші орынға тұрақтады. Бір алтын, екі күмісі бар Австрия үздікті үштікті қорытынылады. Қазақстан алғашқы ондықтан табылды.
Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ережесі бойынша Париж Олимпиадасының рейтингтіктік ұпайлары таратылды. Бірінші орынға – 1000, екінші орынға – 700, үшінші орынға – 500, бесінші орынға – 360, жетінші орынға – 260 ұпайдан берілді.