«Азия балалары» ойындарын алтыншы орынмен аяқтадық
Ресей Федерациясының Кузбасс аймағында қысқы спорт түрлерінен ІІ «Азия балалары» ойындары аяқталды.
10 күнге созылған кешенді жарыста Қазақстан спортшылары 3 алтын, 5 күміс және 6 қола медальге қол жеткізіп, жалпы есепте 6-орын алды. Жалпы Кузбастағы ойындарға 5 спорт түрінен 58 спортшымыз қатысты.
Турнир барысында Илья Мизерных (шаңғымен тұғырдан секіру, К-40), Мейіржан Төлеген (шорт-трек), Варвара Глухова (конькимен жүгіру) чемпион атанды.
Мейіржан Төлеген (шорт-трек, 1500 м), Илья Шильников (шаңғымен тұғырдан секіру, К-40), эстафетада ерлер құрамасы (шорт-трек), аралас командалық сында Илья Мизерных пен Софья Шишкина (шаңғымен тұғырдан секіру), спринтте ерлер құрамасы (конькимен жүгіру) күміс жүлдегер атанды.
Ал Малика Жолтабар (шорт-трек, 1500 м), Софья Шишкина (шаңғымен тұғырдан секіру, К-40), эстафетада қыздар құрамасы (шорт-трек), аралас командалық сында Илья Шильников пен Алёна Свериденко (шаңғымен тұғырдан секіру), Мадияр Мадихов (шорт-трек, 100 м), шаңғы жарысындағы достық эстафетасында Арина Андрющенко («Спорт» құрамасында) қола жүлдеге ие болды.
Жалпы есепте Сібір федералды округы 1-орын алса, одан кейін Мәскеу облысы, Орал мен Қиыр шығыс федералды округының құрамасы жайғасты. Ойындар кезінде 57 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қатысушы елдер: Қазақстан, Армения, Ауғанстан, Беларусь, Кувейт, Қырғызстан, Ливан, Непал, Тәжікстан, Таиланд, Түрікменстан, Өзбекстан; Мәскеу облысы, Кузбасс аймағының құрамасы; Қиыр шығыс федералды округы, Сібір федералды округы, Орал федералды округының құрамасы; Башқұртстан Саха, Татарстан Республикалары;
Айта кетейік, 2019 жылы өткен алғашқы «Азия балалары» ойындарында 74 қазақстандық спорттың 8 түрінен бақ сынаған болатын. Жалпы есепте 7 алтын, 7 күміс және 6 қола медальмен 11 құраманың ішінде 6-орынға ие болды.