Париж-2024: Олимпиаданың басталуына 500 күн қалуына орай эстафета өтеді
14 наурызда келесі жылы Парижде өтетін олимпия ойындарының ашылуына 500 қалуына орай әлемнің 40 шақты қаласында «Жер шары эстафетасы» өтеді.
Жарыс Жаңа Зеландияда басталып, Океания, Азия, Еуропа жəне Америка құрлығындағы елдерден өтіп, Француз Полинезиясындағы Таити аралында аяқталады. Бұл қатарда Қазақстан эстафетаны Бирма мен Таиландтан алып, Шри-Ланкаға табыстайды.
Биыл эстафета Алматы қаласындағы спорттық дайындау кешенінде өтеді (Абай даңғылы, 159). Атап айтқанда, оған Есенберлин атындағы №25 мектептің, №15 мектептің, Алматы қаласы Халықаралық мектебінің жəне Almaty Judo Club дзюдо клубының оқушылары қатысады.
Сондай-ақ, жастар қазақ және француз жаттықтырушылары тығыз жұмыс істейтін спорттың екі түрі – дзюдо мен каратэнің көрсетілімдерін тамашалай алады. Сосын, іс-шара 2024 жылғы Олимпиада бағдарламасына қосылған брейк-данс спорт түрімен аяқталады.
Естеріңізге сала кетейік, алдыңғы «Жер шары эстафетасы» елімізде былтыр 6 сəуірде Халықаралық спорт күніне орай Астана қаласында өткен. Оған 100-ге жуық Шарль де Голль француз мектебінің, Француз альянсының жəне Құрманов атындағы №17 мектептің оқушылыры, көптеген қазақстандық чемпион қатысты.