Басты

«Шөл падишасы». Рыбакинаның тарихи жеңісі

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина АҚШ-та өткен Индиан-Уэллс турнирінің жеңімпазы атанды. Бейресми түрде бесінші Үлкен дулыға саналатын аламанның финалында Елена әлемнің екінші ракеткасы белорус Арина Соболенконы жеңді. 

Бұл кездесу екі сетке жалғасты ­­­– 7:6 (13:11), 6:4. Алғашқы сет 1 сағат 20 минутқа созылды. Осыған қарап-ақ бұл партияның аса тартысты өткенін аңғару қиын емес. Сөйте тұра Рыбакина тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (13:11). Ал екінші сетте қазақстандық теннисші қарсыласынан 6:4 есебімен басым түсті. Осылайша Рыбакина Соболенкодан Australian Open-2023-тің финалында кеткен есесін қайтарды. Естеріңізде болса, Мельбурнде отандасымыз белорус қызына 6:4, 3:6, 4:6 есебімен жол берген.

Елена Рыбакина жеңіске жетер жолында София Кенин (170-орын) – 7:6, 7:6, Паула Бадоса (22-орын) – 6:3, 7:5, Варвара Грачева (66-орын) – 6:3, 6:0, Каролина Мухова (76-орын) – 7:6, 2:6, 6:4 мен рейтингте көш бастап тұрған Ига Швёнтекті қапы қалдырды – 6:2, 6:2.

Осылайша Елена Рыбакина спорттық карьерасында алғаш рет әлемдік рейтингте жетінші орынға көтерілді.

Рыбакинаның жетістігі жайлы жарыса жазып жатқан басылымдар көп. «Шөл падишасы». Australian Open турнирінің сайтында Рыбакинаны осылай деп сипаттаған. Ал BNP Paribas Open «Елена – элита» дейді. «Рыбакина Соболенконы бесінші әрекетінен жеңіп, Индиан-Уэллстегі алғашқы атағына қол жеткізді!» – деп жазды.

Қазақстандық спортшының өзі жеңісін тойлап жүретін уақыты жоқ екенін айтады.

– Ерекше ештеңе ұйымдастырмаймыз. Өйткені ертең Майамиге жолға шығамыз. Командамен үйде қалып, кешкі асты бірге ішеміз. Сонан соң жиналып, әрі қарай Майамиге кетеміз», – деді.

Енді Рыбакинаны Майами ашық чемпионаты күтіп тұр. Жерлесіміз бұл аламанда да аянып қалмасы анық. Ендеше, Еленаға сәттілік тілейміз!

Басқа жаңалықтар

Back to top button