Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын әйелдер құрамасы белгілі болды
Астанада өтетін күрестен Азия чемпионатында әйелдер арасында ел намысын қорғайтын Қазақстан балуандарының есімі белгілі болды.
Бас бапкер Қайрат Сағадиев құрлық додасында жуырда Алматы қаласында өткен VI жазғы ҚР Спартакиадасында топ жарған балуандарға сенім артады.
Олар:Эллада Махяддинова (50 келі), Алтын Шағаева (53 келі), Марина Седнева (55 келі), Нилуфар Раймова (57 келі), Диана Каюмова (59 келі), Ирина Кузнецова (62 келі), Альбина Қайыргельдинова (65 келі), Елена Шалыгина (68 келі), Жамила Бақбергенова (72 келі), Эльмира Сыздықова (76 келі);
Айта кетейік, күрестен Азия чемпионаты Астана қаласында осымен екінші рет өтеді. Алғаш рет елорда 2014 жылғы сәуірде сары құрлықтың таңдаулы бозкілем шеберлері сынға түскен.
Сол кезде Қазақстан құрамасы 5 алтын, 2 күміс пен 7 қола медельге қол жеткізіп, жалпы есепте Ираннан кейін 2-орын алған. Жалпы елімізде құрлық чемпионатын ең көп қабылдаған қала – Алматы (3 рет).