шахмат

Қазақстан мен әлем құрамасы шахматтан шеберлік басқасады

Астана қаласында 1 сәуір мен 7 мамыр аралығында өтетін ФИДЕ-нің 2023 жылғы әлем чемпионаты аясында бірқатар ойын жоспарланған.

Соның бірі – әйелдер арасында Қазақстан мен әлем құрамасы арасындағы кездесу.

Кейінгі жылдары елімізден мықты шахматшылар шығып, жарқын нәтижесімен мамандарды және жанкүйерлерді таңғалдырып үлгерді. Мысалы, блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваны (19 жаста), жылдам шахматтан 2022 жылғы Алматыдағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Динара Сәдуақасова бар. Сондай-ақ Жансая Әбдумәлік 2021 жылғы Гибралтардағы ФИДЕ Гран-приінде 11 ұпайдың 8½-ын жинап, «гроссмейстер» атағына қол жеткізген. Қазір Қазақстан әйелдер құрамасы әлем рейтингінде 10-орында тұр.

Қазақстан мен әлем құрамасы 17-18 сәуірде рапидтен, ал 19 сәуірде блицтен кім мықтыны анықтайды.

Әр команда 8 ойыншы тіркейді. Оның ішінде 4 шахматшы 20, 18, 16 және 14 жасқа дейінгі санатқа дейінгі шахматшы болуы керек. Олар өз жас санаты бойынша бір-бірімен ойнайды. Ал қалған 4 әйел өз қарсыластарымен all-play-all Схевенинген форматында күш сынасады. Матчтың қорытындысы барлық жекелеген ұпайларды қосып санаған соң шығарылады. Егер ұпай саны тең болып қалса, тең ойындардағы нәтижелер саналады.

Қазақстан құрамасының капитаны: Гүлмира Дәулетова, WGM, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры.

Әлем құрамасының капитаны: Дана Рейзниеце-Озола, WGM, FIDE басқарма төрағасының орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Back to top button