Басты

Қазақстанда жаттықтырушылар үшін ынталандыру төлемдері төленеді

Олимпиадалық резервті дайындау мақсатында бүкіл ел бойынша жаттығу орталықтары құрылады.

ҚР Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді, деп хабарлайды Қазақ спорты.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың айтуынша, онда бұқаралық спортқа, оның ішінде балалар мен жастар арасында, азаматтардың барлық санаттары үшін дене шынықтыру және спортпен шұғылданудың жалпыға қолжетімділігіне, дене шынықтыруға, әуесқой және кәсіптік спортқа тең көзқарасқа, жоғары жетістіктер спортын және бейімделгіш спортты дамытуға ден қойылған.

2029 жылға дейін жыл сайын еліміз бойынша 20 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара өткізуге ниеттіміз. Ал ауылдық жерлерде осы бағытты дамыту үшін ауылдағы спорт нұсқаушыларының саны 4 мыңға дейін ұлғаяды. Мектептер мен жоғары оқу орындарының жанынан тұрақты негізде жұмыс істейтін спорт клубтары мен командалар құрылады, — деді Оралов.

Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар адамдар, мемлекеттік қызметшілер, медицина қызметкерлері, БАҚ өкілдері, қаржы құрылымдары және т.б. арасында спартакиадалар ұйымдастырылады.

113 жаңа спорт нысанын салу, 20-сын жаңарту және жұмыс істеп тұрған 6 спорт нысанын қайта жарақтандыру жұмысы жалғасады. Ауылдық жерлерде шағын бюджетті жазықтық спорт құрылыстарына және модульдік үлгідегі аз шығынды, тез салынатын спорт кешендеріне басымдық беріледі, — деп қосты министр.

Олимпиадалық резервті дайындау мақсатында бүкіл ел бойынша жаттығу орталықтары құрылады, онда жыл бойы жетекші спортшылар да, басым спорт түрлері бойынша барлық дарынды спортшылар да дайындалады. Бұл орталықтарда жұмыс істеуге ғылыми қызметкерлер де тартылады. Ал облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың құрама командаларын дайындау үшін Қазақстанның барлық өңірлерінде Астананың үлгісімен олимпиадалық және олимпиадалық емес түрлер бойынша спортты дамыту дирекциясын құру жоспарланып отыр.

Министр жаттықтырушылар үшін ынталандыру төлемдері қарастырылғанын да тілге тиек етті.

Жаттықтырушы-оқытушыларға спортшылардың жоғары нәтижелері және оларды спорттық дайындықтың келесі кезеңіне бергені үшін ынталандыру төлемдері енгізіледі, бұл жас таланттардың алға жылжуына көмектеседі, ал мамандарға қосымша мотивация береді, — делінген мәліметте.

Министрдің сөзінше, спортшылардың, жаттықтырушылардың, төрешілер мен әдіскерлердің қызметіне мониторинг жүргізіп, кадр тапшылығының алдын алуға көмектесетін цифрлық платформа іске қосылады.

2025 жылы спорт мекемелері, командалар құрамы, жаттықтырушылар, төрешілер және спорттық іс-шаралар туралы мәліметтер жинауға арналған e-sport ұлттық цифрлық платформасын енгізу жоспарланып отыр, — деді ол.

Басқа жаңалықтар

Back to top button