Әлем чемпионы Денис Кузин спорттық карьерасын аяқтады
Қазақстандық конькимен жүгіруші Денис Кузин спорттық карьерасын аяқтады.
Қостанайдың тумасы бүгін Бейжің Олимпиадасында 1000 метрге жүгіріп, мәреге 23-ші келді. Осыдан кейін ол спорттық карьерасын аяқтайтынын мәлім етті.
«Жарысқа қатысты ешқандай пікір айта алмаймын. Тек Қазақстан халқынан достарым мен таныстарымнан, бүгін маған жанкүйер болған жандардан кешірім сұраймын. Бүгінгі жарыста не болғанын, неліктен мұндай нәтиже көрсеткенімді білмеймін. Ештеңемен ақтала алмаймын. Тек өте нашар өнер көрсеткенімді білемін. Әсіресе, өз мансабымдағы ең соңғы бәсекеде…
Негізі, қысқа қашықтықтар бойынша өтетін әлем біріншілігінде аяқтасам деп ойлағанмын. Бірақ өзімнің бүгінгі нәтижемнен соң спорттағы ғұмырыма нүкте қоямын деп шештім. Әрі қарай не боларын ойлау қиын. Алдағы мүмкіндіктерімді байқау керек. Қорқынышты. Спортқа 23 жылымды бердім, қолымнан келері де аз. Алдағы уақытта көреміз бәрін», — деді Кузин.
Денис Кузин 1988 жылы Қостанай қаласында дүниеге келген. 2013 жылы 1000 метрге жүгіруден әлем чемпионы атанған. Төрт рет Олимпиада ойындарына қатысқан.