Басқа спорт түрлері

Алматы облысында стенд атушыларға пәтер кілті табысталды

Алматы облысының әкімі стенд атудан халықаралық дәрежедегі спорт шеберлеріне пәтер кілтін табыстады.

Алматы облысында тұңғыш рет стенд атудан рейтингтік лицензиялық Әлем кубогы басталды. Жарыс Іле ауданындағы Александр Асанов атындағы ату клубында өтуде. Біріншіліктің ашылу салтанатында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев әлемдік деңгейде жоғары жетістікке жетіп жүрген қос спортшыға пәтер кілтін сыйлады. Олар Әлем кубогының жеңімпазы және бірнеше дүркін жүлдегері, әлем чемпионатының жүлдегері Әсем Орынбай және Әлем кубогы мен әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері Эдуард Ещенко. Мергендерге Gate City тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтер берілді.

Бүгін менің ең бақытты күндерімнің бірі. Алматы облысының әкімі салтанатты түрде маған пәтер кілтін табыстады. Біздің аймақта спортшылар тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде қолдауды сезінетінін айта кеткім келеді. Өз тарапымыздан бізге артылған сенімді ақтауға тырысудамыз. Бұл Әлем кубогы өз жерімізде өткенімен қоса Олимпиада жолдамасына қажет ұпай алуға мүмкіндігімен маңызды. Әлем кубогы бірнеше кезеңнен тұрады. Хорватиядағы кезең өтіп, алда Баку жарысы қалды. Барлық кезең нәтижесі бойынша жиналған ұпай саны қосылып, ең көп ұпай алған спортшы Париж-2024 Олимпиада жолдамасын иеленеді, – деді Әсем Орынбай.

Ещенко да спортшыларды лайықты дәрежеде бағалап жатқанына алғыс айтып, жарыстарда аянып қалмайтынын жеткізді.

Бүгін қуанышқа толы күн болды. Біріншіден, стенд атудан Әлем кубогының керемет ашылу салтанаты өтті. Екіншіден, бізге үлкен сыйлық берілді. Елімізде спорт осындай жоғары деңгейге көтіріліп жатқаны қуантады. Біз бұны мақтан тұтамыз және және шын бақыттымыз. Өз стадионымызда жақсы өнер көрсетуге мүмкіндік бар деп ойлаймын. Тек өзіңе сеніп, қателікке жол бермеу керек, – деді Эдуард Ещенко.

Басқа жаңалықтар

Back to top button