Теннис
Ролан Гаррос турнирі: Тимофей Скатов іріктеу сайысының финалына өтті
Қазақстанның екінші, әлемнің 147-ракеткасы Тимофей Скатов Ролан Гаррос турнирі іріктеу сайыстарының финалына шықты.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының жартылай финалында әлемнің 119-ракеткасы финляндиялық Отто Виртаненмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда фин теннисшісі 6:4 есебімен басым түсті. Есесіне екінші сетте қазақстандық спортшы есе қайырды – 6:2. Ол үшінші, шешуші партияда да 3:0 есебімен алға кетті. Бұдан кейін О.Виртанен таразы басын теңестірді. Дегенмен Скатов матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 7:5.
Екі сағат 45 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Тимофей 12 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.
Скатов іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 165-ракеткасы Мелигени Родригес Алвес Фелипемен ойнайды. Егер Тимофей бразилиялық теннисшіні ұтса, алғаш рет Ролан Гарростың негізгі додасына жолдама алады.