Басты

Әлем чемпионаты: үшінші қазақ таеквондошысы ширек финалда жеңілді

Бүгін Әзербайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан таеквондодан әлем чемпионының 5-жарыс күні өтіп жатыр.

Жарыс жолына ұлттық құрама сапынан Рита Бакишева (46 кг) мен Жавохирхон Исламов (54 кг) шықты, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Рита Бакишева ширек финалға дейін сүрінбей жетіп, жүлдеге бір табан қалғанда қазіргі әлем чемпионы, 2021 жылғы Еуропа чемпионы Лина Стойковичке жол берді. Аса тартысты өткен айқастың алғашқы раундында отандастарымыз көп дәл соққы жасап, басым түсті. Алайда 21 жастағы хорватиялық таразы басын теңестіріп, осыдан кейін шешуші раундта да ұтып кетті. Рита 1/8 айналымында аустралиялық Джульет Дахудты, оның алдында испаниялық Лаура Кортегосо Лиманы айқын басымдықпен жеңген.

Жавохирхон Исламов Бурундиден келген Бенумугиша Гай Калебті ойсырата ұтып, чемпионатты жарқын жеңіспен бастаған. Алайда 2-айналымда Германия құрамасының өкілі Халед Абдель Халимнің мықты екенін мойындауға мәжбүр болды.

Ертең даянг төрінде Назым Махмұтова (62 кг) мен Нұрқанат Қожахметов (74 кг) бағын сынап көреді.

Жалпы, биылғы додаға 145 елден мыңға тарта таеквондошы жиналды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button