Алғашқы және соңғы триумф. «Атлетико Мадридтің» тарихы қандай?
«Ателетиконы» футболшылар неліктен «жындылар мекені» деп атайтын?
«Атлетико Мадрид» — әлемнің үздік ұжымдарының бірі. Испания біріншілігінде жыл сайын алтын жүлдеге таласады. Ал Чемпиондар лигасында фавориттердің бірі болып есептеледі. Бірақ «Атлетико» клубы бұрыннан осындай ма еді? Жоқ, осыдан 16 жыл бұрын Испания астанасының ұжымы өте нашар жағдайда болатын. Клубтың президенті Хесус Хиль ойыншыларды нашар ойыны үшін өлім жазасына кесу керек дейтін. Жылына 3-4 бапкер ауыстырып тұрды. Ал футболшылар арасында «Ателетиконы» «жындылар мекені» деп те аталып кетті. Тіпті, 1994/95 жылғы маусымда олар сегундаға дейін төмендеуге сәл-ақ қалған болатын. Бірақ мадридтік команда келесі маусым есін жиып, тарихындағы ең керемет кезеңді бастан өткерді. 1995/96 жылғы маусымда «Атлетико» Ла Лига мен Испания кубогінің жеңімпазы атанды. Мұндай керемет жетістік кімнің ерлігі мен еңбегі? «Атлетико Мадридтің» тарихы қандай? Тұрақтылыққа жетудің кілті неде? «Қазақ спорты» газеті редакциясы бұл сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Хесус Хиль
Хесусты футбол жанкүйерлері – «Атлетико» тарихындағы «ессіз президент» деп біледі. Алайда Хильдің басшылық қызметі туралы айту үшін алдымен өмірбаянымен де танысу шарт.
Хиль жастық шағында мотоциклмен келе жатқанда, оны бір қымбат көлік бүйірінен соғып, жол-көлік оқиғасы тіркеледі. Хесусті қаққан адам сол кезеңдегі беделді азаматтардың бірі граф Хуан Антонио Хамасо екені анықталады. Қылмысты жасыру мақсатында граф Хесуске 25 000 песета ұсынып, бір күнде Хильді Испаниядағы ауқатты азаматтардың бірі қылған. Кейін бұл ақшаға Хесус құрылыс компаниясын ашып, бизнеспен айналысады. Бірақ жүрген жерінен шөп шықпайтын ол 1996 жылы қамауға алынды. Себебі оның компаниясы салған мейрамхана беймезгіл уақытта опырылып, 58 адам көз жұмған болатын.
15 жылға бас ботандығынан айырылған Хиль жемқорлықтың көмегімен 7 айдан кейін бостандыққа шықты. Кәсіпте жолы болмаған ол бар назарын футболға салып, «Атлетико Мадрид» клубының президенті болуды мақсат тұтады.
1987 жылы клубтың басшылық құрамына еніп, сайлауға түседі. Мақсатының орындалу жолында БАҚ өкілдеріне өзі туралы жақсы ақпараттар жариялануы үшін ақша ұсынады. Жанкүйерлерге арналған тегін автобустар ұйымдастырады және сайлау кезінде командаға әлемдік жұлдыздарды сатып алуды уәде етеді. Міне, осылайша, Хесус Хиль «Атлетико Мадридтің» жаңа президенті атанады.
Хесус басқарған жылдары «Атлетико» клубы ойға қонымсыз шешімдерімен жанкүйерлердің жадында қалды. Себебі клуб президенті 1992 жылы жастар құрамасын таратып жібереді. Ал оның құрамында кейін «Реал Мадридтің» аңызына айналған Рауль Гонсало Бланке болған. Екі жылдан кейін 1994 жылдың қарашасында Рауль Хесустың бұл тірлігіне Ла Лигадағы алғашқы матчында «Атлетико Мадрид» қақпасына соғылған голмен жауап қайтарды.
Әрине, Хильдің істеген бассыздықтарын саусақпен санап қана шектеле алмайсың. Алайда Хесустың «Атлетикосы» мадридтік клуб тарихындағы ең үздік нәтиже көрсеткен ұжым екенін де жоққа шығара алмаймыз және «Атлетико» тұрақтылыққа алғашқы қадамды Хильдің басқаруымен жасады.
Радомир Антич
Хиль басқарған тұста «Атлетико» жыл сайын қатарын жаңа ойыншымен толықтырып, маусым сайын бірнеше футболшымен қош айтысып отырды. Бірақ спортшылар кем дегенде «Висенте Кальдерон» алаңында жарты жылдан көп уақыт өткізген болса, бапкерлер бір айдан ұзақ қызмет етпейтін. Хесус «Атлетико» президенті болған алғашқы 8 жылда 26 бапкерді қызметінен ауыстырды. Ал 1993/94 пен 1994/95 жылғы маусым аралығында Хиль тіпті 10 бапкер ауыстырды. Міне, осындай тұрақсыз клубқа бұдан бұрын «Реал» және «Барселона» секілді клубтарды баптаған Радомир Антич келуді ұйғарады.
Антич «Атлетикодағы» алғашқы күнін есіне алғысы келмейді. Бұл туралы ол жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында айтқан болатын. Команда өзіне сенімсіз, футболшылардың деңгейі төмен және клубта жаттығуға қажетті жабдықтар жоқ. Античке барлығын басынан бастау керек болды. Алайда ол 1996 жылы Испания кубогінің финалында Кройф бастаған аңыз «Барселонаны» тізе бүктіріп, трофейді Мадридке алып кеткен болатын. Ең қызығы, маусым басындағы 8 ойынның тек екеуінде жеңіске жетіп, ұпай жоғалтқан «Атлетико» жыл соңында Испания біріншілігінің чемпионы атанды. Осылайша, Радомир мадридтік ұжым тарихында атын алтын әріппен жазып, «алтын дубль» жасаған алғашқы және әзірге жалғыз бапкер ретінде тіркелді.
Диего Симеоне
Қазір Диего Симеоне – «Атлетико Мадрид» клубының аңызы. Оны жетістікке жетелеп, ұзақ жылдарын арнаған мықты маман. Оған қоса, мадридтік ұжымды тұрақтылыққа жеткізген жандардың бірі.
Алайда бұл оқиғаның тарихы тереңде жатыр. Президент Хесус Хиль сенім білдіріп, командаға Радомир Античті әкелсе, Радомир Антич клубқа Диего Симеонені әкелді. Ең қызығы, Симеоне «Атлетикоға» титул сыйлаған чемпиондық ойында жеңіс голын соққан болатын. Жалпы, Симеоно сол маусымдағы Ла Лига аясында өткізген 37 ойынында 12 голды өз есебіне жазды. Античке дейін қорғанысқа жақын ойнайтын жартылай қорғаушы Радомирдің арқасында шабуыл шебіне қарай ауыстырылды.
Жалпы, жасыл алаңның сыртында да ойыншы мен бапкер жақын дос болып кетті. Тіпті, кей сұхбатында Диего бапкерлікке махаббатын ашқан Антич екенін жасырмай айтады.
Қорытынды
1996 жылғы «Атлетиконы» футбол жанкүйерлері «жындылар мекені» атап кетсе де, ойыншылар мен бапкердің еңбегін құнсыз қыла алмаймыз. Аты әлемге әйгілі болмаса да, Пенев, Молниа, Симеоне және Каминеро секілді ойыншыларға сенім білдіріп, жеңіске қарай жол бастаған Античтің батыл шешімдері «Атлетико» тарихын жаңартты.
Жемқорлыққа белшесінен батып, жанкүйерлерін қанша алдаса да, президент Хиль мадридтік клубтың жеңісі үшін барын салды. Ал соның арқасында 1996 жылы «Атлетико» «алтын дубльдің» авторы атанды. Иә, келесі маусымды мадридтік ұжым Ла Лигада 5-орын, одан кейінгі маусымды 7-орында аяқтады. Алайда Хесус сол кезде «Атлетико» секілді ортаңқол клуб «Барселона», «Реал Мадрид» секілді алыптарға қарсы төтеп беріп, тізе бүктіруге болатынын дәлелдеді. Ал өз кезегінде Антич бар білгенін үйретіп, «Атлетиконың» жорығын ары қарай жалғастыратын Симеоне секілді маманды тәрбиелеп шығарды. Кейін Диего мадридтік ұжымның бас бапкері атанып, Испанияның үшінші үздігі етіп, өзі сүйетін команданы биіктерге жетеледі. Алайда Симеоне қанша тырысса да, 1996 жылы ойыншы ретінде «Атлетикомен» жеңген қос трофейді бапкерлік қызметте әлі де бір маусымда қатар алған жоқ. Ал қалған дүниенің барлығы – ол тарих…
Равиль АШЫҒАЛИ