Көкшетауда Kokshe Arena ашылу рәсіміне қатысты
Кешен бір мыңнан астам адамға арналған.
Көкшетау қаласында Kokshe Arena көпфункционалды спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин осы рәсімнің құрметті қонағы болды.
Кешен бір мыңнан астам адамға арналған. Оның құрамына мультимедиялық жабдықтармен қамтылған 650 орындық көрермен залы, жасанды жартасты қабырғасы мен өрт-қолданбалы спорт түрлеріне арналған мұнарасы бар әмбебап спорт залы, сондай-ақ олимпиадалық стандарттарға сай сертификатталған жабдықтармен қамтамасыз етілген бокc, күрес, ауыр атлетика және кроссфитке арналған залдар кіреді.
Кешеннің іргелес аумағында жеңіл атлетика аймағы мен ойын спорт түрлеріне арналған алаңдар салынған. Сонымен қатар Kokshe Arena мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етілген.
Ашылу рәсіміне ҚР Бас прокуроры Берік Асылов, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, қаржы министрі Мәди Такиев, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов қатысты.
Марат Ахметжановтың айтуынша, бұл спорт нысаны кәсіби және бұқаралық спортты тоғыстыратын орталыққа айналады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұқаралық спортсыз дені сау ұрпақ тәрбиелеу мүмкін еместігін атап өткен болатын. Сондықтан спортты дамыту, жастарды қолдау және салауатты өмір салтын қалыптастыру – басты басымдықтардың бірі.
Kokshe Arena – кәсіби спорт пен бұқаралық дене шынықтыруды біріктіретін жаңа мүмкіндіктер кеңістігі. Кешен барлық заманауи талаптарды ескере отырып салынды және халықаралық стандарттарға толық сай келеді», – деді Ақмола облысының әкімі.
Геннадий Головкин өңірде заманауи спорт инфрақұрылымының пайда болуы спортты дамыту үшін аса маңызды екенін атап өтті.
«Осындай заманауи спорт кешенінің ашылуы – күн сайын жаттығып, нәтижеге ұмтылатын, спортқа сенетін жандар үшін үлкен қолдау мен мотивация. Әрбір жетістік артында қаншама еңбек, төзім мен сенім тұрғанын жақсы білеміз. Осындай жағдай жасалғанда, еңбегіңнің бағаланатынын, өзіңе сенім артылатынын сезінесің. Бұл жерде ертең өңіріміз бен еліміздің намысын әлемнің ең беделді ареналарында қорғайтын спортшылар өсіп шығады», – деді Геннадий Головкин.
Жаңа нысан түрлі спорт түрлері бойынша жаттығулар мен жарыстар өткізуге арналған алаңға айналады. Бұған дейін өңірде Зеренді ауылында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі ашылған болатын.



