Аралас жекпе-жекБасты

ММА федерациясының аккредитациясына қатысты дау: ұйым өз ұстанымын мәлімдеді

Ұйым 15 жылдан бері жұмыс істеп келген.

Қазақстанның Біріккен аралас жекпе-жек (ММА) федерациясының аккредитациясы уақытша тоқтатылды. 15 жылдан бері жоғары деңгейде, заңды түрде, еш ескертусіз жұмыс істеп, әлем, Азия чемпиондарын шығарған ұйымның ресми қызметіне тосқауыл қойылды. Бұл туралы  Muztaumedia.kz сайтына сілтеме жасай отырып «Қазақ спорты» жазды.

Азия мен әлемдік рейтингте көш бастап келе жатқан ММА ұйымының төңірегіндегі күрделі жағдай қазір көпшілікті алаңдатып отыр. Соңғы 15 жыл бойы ұлттық ММА мектебін қалыптастырып, елді халықаралық аренада жоғары деңгейге көтерген ұйымның қызметі әлдекімдерге кедергі болғаны анық. Себебі, әуесқой федерацияның орнына кәсіби бағытта жұмыс істейтін жаңа ММА ұйымы ашылып, бірден ҚР Туризм және спорт министрлігінің «батасын» алып үлгерген.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдайда заңнамалық өзгерістер мен әкімшілік шешімдердің салдарынан әуесқой және бұқаралық спортты дамытудан гөрі, коммерциялық бағытқа және кәсіпқой жекпе-жектерге басымдық беріле бастайды.

Құқықтық коллизия және аккредитация мәселесі

Шыны керек, Біріккен аралас жекпе-жек (ММА) федерациясын ығыстыру процесі заңнамалық реформалар аясында жүзеге асты. 2026 жылы мемлекеттік аккредитация алу үшін «федерацияны Ұлттық олимпиадалық комитет (ҰОК) тануы қажет» деген талап енгізілді. Қызығы сол, ММА — олимпиадалық спорт түріне жатпайды. Халықаралық Олимпиада хартиясына сәйкес, Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) ресми түрде танымаған спорт түрін жергілікті ҰОК-тің өзі мойындай алмайды.

Осы құқықтық коллизия салдарынан, ҚР Туризм және спорт министрлігінің 2026 жылғы 15 сәуірдегі №96 бұйрығымен Қазақстанның Біріккен аралас жекпе-жек (ММА) федерациясының аккредитациясы уақытша тоқтатылды. Уақытша құжаттардың берілмеуі ұйымның операциялық және спорттық қызметін толықтай тұқыртып отыр.

ММА-ден құрылған жаңа ұйымды федерация министрлік пен ҰОК тарапынан ресми түрде танылып отыр. Бұл процесс өте тез және қиындықсыз өткеніне қарап, «бармақ басты, көз қыстының» болғанына күмән келтіру мүмкін емес.

Хош, жаңадан құрылған ұйым – «Ұлттық кәсіпқой ММА федерациясы» деп аталады. Бұл ұйымды құзырлы мекемелер ресми түрде таныды. Ал жаңа құрылымның балалар-жасөспірімдер спортын дамытуға, халықаралық антидопингтік стандарттарға сәйкестігі туралы мәселе ашық күйінде қалып отыр.

Отандық ММА: октагон мен октагоннан тыс жеңістер

Біріккен аралас жекпе-жек (ММА) федерациясы – Қазақстандағы ММА спортының көкжиегін кеңейткен елдегі алғашқы ұйым. Федерацияның жүйелі жұмысының арқасында отандық спорттағы жарқын жеңістер тіркелді. Федерация 12 жыл бойы Азияда бірінші орынды ұстап келді және 13 жылдан астам уақыт бойы әлемдегі үздік үш құраманың қатарына енді. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте көш бастап, бірінші орынға көтерілген болатын. UFC жұлдызы Шавкат Рахмонов бастаған танымал файтерлердің үлкен спорттағы қадамы да тап осы ұйымнан басталған еді.

Біріккен аралас жекпе-жек (ММА) федерациясы орнатқан жүйе жемісін берді. Бүгінде ел бойынша 15 мыңнан астам спортшы аралас жекпе-жекпен айналысады. Өңірлердегі аккредиттелген 20 филиалда 48 білікті жаттықтырушы, 150-ден астам жас жаттықтырушы және 30 төреші, оның ішінде 9 халықаралық дәрежедегі төреші еңбек етеді.

Сонымен қатар, Федерация әлеуметтік жобаларды да белсенді түрде жүзеге асырды. Миландағы Паралимпиада ойындарында чемпион атанған Ербол Хамитовке тұрақты қаржылық және психологиялық қолдау көрсетілді. Балалар үйінің тәрбиеленушісі Матильда Бачурина Азия және әлем чемпионы атанды. Бұл спортшыны ұлттық құраманың бас бапкері қанатының астына алған еді. Одан бөлек, жарақат алған спортшыларды оңалтуға қолдау көрсетіліп, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Айжан Әбдіқадырдың қатысуымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды.

Ұйымның беделін төмендетіп, аккредитациясын алып қою — бұл жүйенің жұмысын бұзып қана қоймай, спортшылардың мансабына тікелей әсер етіп, Қазақстанның әлемдік аренадағы деңгейін төмендетуге тікелей әсер етеді. Өкініштісі сол, спорттағы құзырлы органдардың өзара сөз байласуы салдарынан тұтас жүйе құрдымға кетіп, мыңдаған спортшының мансабы орта жолдан аяқталмақ.

Халықаралық ұйымдардың ұстанымы

ҚР Біріккен аралас жекпе-жек (ММА) федерациясы әуесқой ММА-ді реттейтін әлемдегі жалғыз ресми ұйым – IMMAF-тың заңды мүшесі саналады. Бұл жағдайға әлемдік ұйым да бей-жай қараған емес. Аталған жайт халықаралық деңгейде да талқыланып, IMMAF басшылығы Қазақстан Республикасының Президенті мен Туризм және спорт министрлігінің атына спорттағы сабақтастықты сақтауға үндеген ресми үндеулер жолдады. Халықаралық стандарттарды ескермеу — елдің спорттық беделіне кері әсерін тигізуі мүмкін.

Спорт қауымдастығы мүдделер қақтығысының алдын алу мақсатында тиісті органдар тарапынан тексеру жүргізуді және осы спорт түрі халықаралық оқшаулануға ұшырамауы үшін заңды Федерацияның аккредитациясын қайта қалпына келтіруді сұрайды.

Бүгінде IMMAF ҚР Біріккен аралас жекпе-жек (ММА) федерациясын ресми түрде танитынын тағы да жеткізді. Бірақ бұған құлақ асар ешкім болмай тұр. Халықаралық ұйымдардың ара түсуі де елдегі басшыларға еш әсер етер емес.

Федерация басшылығының ұстанымы қандай?

Бұл жағдай отандық ММА саласындағы жетекші мамандарды әрі-сәрі күйге салып қойды. Бүгінде олар федерацияның аккредитациясын қайтару үшін бар күшін салуда.

ҚР Біріккен аралас жекпе-жек (ММА) федерациясының бірінші вице-президенті Асылбек Дүйсеновтің айтуынша, заңды қызмет еткен он жылдан аса уақытта федерацияның қызметіне қатысты ешқандай ескерту болмаған.

«Бұл тосыннан келген жаңалық емес. Бұған дейін Ұлттық олимпиадалық комитеттің (ҰОК) тануы болмағандықтан, қызметті тоқтата тұру туралы хабар келді. Осы орайда, аралас жекпе-жек түрлерінің (ММА) Олимпиада бағдарламасына енбейтінін ескеру керек. Олимпиадалық хартия ережелеріне сәйкес, тиісті халықаралық федерацияны Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) ресми түрде танымайынша, ҰОК олимпиадалық емес спорт түрлерін тануға құқылы емес.

Біздің федерация — Халықаралық аралас жекпе-жек федерациясының (IMMAF) толыққанды мүшесі. Қазіргі уақытта IMMAF өтініші ресми тану алу үшін ХОК қарауында жатыр, бұл туралы Спорт істері комитетіне өз уақытында хабарланған болатын. Комитет тарапынан хабарлама жіберілгенге дейін ММА-ді өзге федерация құрамындағы спорт түрлерінің бірі ретінде біріктіру жайлы ұсыныс айтылды. Бірақ мұндай нұсқа IMMAF мүшелігінің талаптарына қайшы келеді», — дейді Дүйсенов.

Федерацияның заңды қызметі секілді, отандық ММА шеберлері де өздерін құрлық пен әлемдік деңгейдегі жарыстар аясында шынайы таныта білді.

«Біздің Федерация өз қызметін 2012 жылы бастады, ал 2013 жылы ММА Қазақстан Республикасының спорт түрлері тізіліміне ресми түрде енгізілді. Осы жылдар ішінде Федерация уәкілетті органдар тарапынан бірде-бір ескерту алған емес. Соңғы 14 жылда Қазақстан әуесқой ММА-ны дамыту бойынша Азияда тұрақты түрде бірінші орынды иеленіп келеді, ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміз 130-дан астам мемлекет арасында IMMAF әлемдік рейтингінің көшбасшысы атанды.

Біз Спорт істері комитетімен атқарылған жұмысымызды жоғары бағалаймыз және әрдайым диалогқа ашық болдық. Дегенмен, ұсынылған бірігу моделі IMMAF мүшелігінің талаптарына қайшы келеді. Тіпті, біріккен жағдайда, Қазақстанды бірден IMMAF мүшелігінен шығарып тастайды. Содан соң, спортшыларымыз IMMAF аясындағы ірі халықаралық жарыстардан шеттетіледі», — дейді вице-президент.

Федерация өкілінің айтуынша, ұйымды аккредитациядан айыру үлкен тәуекелдерге алып келеді.

«Қазақстан әуесқой ММА бойынша Азияда көшбасшы деп айттым. Одан бөлек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан IMMAF әлемдік рейтингінде бірінші орынға шықты. Осынша жетістіктен соң орын алған бұл жағдай ең алдымен еліміз бен федерацияның беделіне нұқсан келтіреді, сондай-ақ халықаралық аренадағы бәсекелестерімізге басымдық береді. Шыны керек, біз қарсыластарға өз қолымызбен жол ашып беріп отырмыз. Иә, бүгінгі таңда Федерация тікелей қаржылық шығынға ұшыраған жоқ. Бірақ беделдің айтарлықтай төмендеуі Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі позициясының әлсіреуіне, әлемдік спорт қауымдастығындағы ұстанымымыздың әлсіреуіне және қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысу келешегіне кері әсер етуі мүмкін», – дейді Дүйсенов.

Ұлттық құрама қайтеді? Бас бапкердің жанайқайы

Федерацияның басындағы жағдай ең алдымен ел намысын қорғайтын спортшыларға, жылдар бойы тынымсыз еңбек еткен жаттықтырушыларға ауыр тиіп отыр.

Ұлттық құраманың бас бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Баян Жанғалов бұл шешімді қабылдаудың қаншалықты қиын екенін сөзбен жеткізе алмайды.

«Бұл жағдай бізді күйзеліске салып отыр. Халықаралық деңгейде Қазақстанның абыройын асқақтатып, әлемдегі ең үздік нәтижелердің бірін көрсетіп жүрген ұйым қалайша бір күннің ішінде мемлекеттік аккредиттеуден айырылды? Осы спортқа бүкіл ғұмырын арнаған адамдардың болашағы қалай болмақ», – деп аһ ұрды бас бапкер.

Иә, бұл мәселеде бүкіл жүк спортшыларға түсіп отыр. Күні кеше ел намысын қорғап жүрген талантты спортшылар жан-жаққа тентіреп кетудің алдында тұр. Ұлттық құрама сапында балалар мен жасөспірімдерден бастап, ересектер арасындағы әлем және Азияның қазіргі чемпионы саналатын жүзге жуық спортшы бар. Олардың көпшілігі үшін аккредиттеу мәселесіне қатысты хабар күтпеген соққы болды. Себебі, спортшылар өздеріне тәуелсіз бюрократиялық шешімдердің салдарынан халықаралық жарыстарда ел намысын қорғау мүмкіндігінен айырылып қаламыз ба деп алаңдайды.

Осы бір белгісіздікке қарамастан, спортшылар жаттығу үдерісын тоқтатқан жоқ.

«Нағыз чемпиондардың ешқашан сағы сынбайды. Олар октагонда да, Қазақстанның туы астында өнер көрсету құқығы үшін де күресуге дайын. Біз өзімізге артық ештеңе сұрамаймыз. Бар тілегіміз – еңбегімізге берілетін баға нақты нәтижелерге негізделсе екен. Ал біздің көрсеткіштерімізді қайта түсіндірудің қажеті жоқ», – дейді кезінде Шавкат Рахмонов сияқты таланттардың жұлдызын жаққан бапкер.

Ұлттық құраманың тәлімгері кез келген дағдарыстан өркениетті жолмен шығуға болатынына сенеді. Сондай-ақ, Туризм және спорт министрлігімен сындарлы диалог орнайды деп үміттенеді. Қазіргі басты міндет – спорттық резервті сақтап, спортшыларға алдағы уақытта да әлемнің ең ірі жарыстарында Қазақстанның көк байрағын көтеруге мүмкіндік беру.

P.S. Спорт қауымдастығы қалыптасқан жүйенің тоқтап қалуына және халықаралық спорт ұйымдарының ресми үндеулерінің назардан тыс қалуына алаңдаушылық білдіруде. Тікелей нәтиже көрсетіп жүрген федерация қызметінің шектелуі елдегі спорт саласының дамуына кері әсер етуі мүмкін.

Осыған байланысты спорт қауымдастығы ашық диалогтың орнауын, құқықтық айқындықтың қамтамасыз етілуін, сондай-ақ отандық ММА-ның болашағы мен спортшылардың мүддесін қорғайтын шешімдердің қабылдануын күтеді.

15 жылға созылған мінсіз еңбекті әлдекімдердің тәбеті үшін бір күнде жоқ қылу — министрлікке де, басқа құзыретті органдарға сын болары анық.

Аккредитацияны қайтарып алу туралы шешім сотта дауланды. Федерация оның күшін жоюға және осы шешімге байланысты лауазымды тұлғалар тарапынан жасалған барлық әрекеттерге құқықтық баға берілуіне қол жеткізуге ниетті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button