Бокс

Елеусінов жеңіп алған IBO белбеуінің мәртебесі қандай?

Елордада өткен кәсіпқой бокс кешінде қазақстандық Данияр Елеусінов IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды. Кейбір жанкүйерлер тарапынан бұл қандай тұжырым деген сұрақ туындап жатыр. Осыған жауап іздегенді жөн көрдік.

Әлемдегі ең негізгі тұжырымдар

Кәсіпқой боксшылардың иеленгісі келетін ең негізгі төрт тұжырым мен титул бар. Олар – WBC, WBA, IBF және WBO. Сосын 2018 жылы Геннадий Головкин иелік еткен америкалық «The Ring» журналының титулын қосуға болады. Мәртебесі сәл төмен тұжырымдардың арасында IBO мен IBA тұр.

Данияр Елеусінов осының ішінде IBO ұйымының бос тұрған белбеуін еншіледі. Халықаралық бокс ұйымы (International Boxing Organization) деп аталатын бұл қауымдастық 1988 жылы құрылған. Оның президенті қызметін 1998 жылдан бері Эд Левин атқарады. IBO жоғарыда айтқанымыздай, алғашқы төрт ұйымнан мәртебесі төмендеу. Сондықтан Елеусіновтің салмағындағы мықтылардың көбісі сол тұжырымдарда бақ сынап жүр.

«Даниярға өз салмағындағы чемпиондарға қарсы шығуға әлі ерте. Бүгінгі боксымен алысқа шабуы неғайбыл. Тіпті, жеңіліп қалуы мүмкін. Сондықтан жаттығуды үдету керек. Ол өнер көрсететін жартылай орта салмақтың (66,68)чемпиондары – Эррол Спенс, Теренс Кроуфорд, Йорденис Угас. Үшеуі де мықты, қазіргі Даниярды оңай ұтады», – дейді отандық бокс менеджері Жанпейіс Назарғали.

Хирнмен әріптестігі ұзаққа созылған жоқ

Жалпы, Данияр әуесқой бокста Серік Сәпиевтен кейін барлық титулға қол жеткізген екінші боксшы. Ал кәсіпқой боксқа Рио Олимпиадасынан кейін, 2017 жылы келді.

Басында австралиялық компания­мен келісімшартқа отырған. Онысы сәтті жүзеге аспай, сосын әуесқой боксқа оралған болатын.

Арада бір жыл өткенде танымал менеджер Эдди Хирннің көзіне түсіп, келісімшарт жасасты. Энтони Джошуа, Келл Брук, Джордж Гроувз, Тони Белью, Амир Хан, Дэниэл Джейкобс секілді әлемдік бокс жұлдыздарымен жұмыс істейтін Хирн Қазақстанға келіп, тіпті, баспасөз мәжілісін өткізген еді.

Сол кезде атақты промоутер қазақ боксшының мақтауын келістірген…

«Данияр, қазақ халқының мақтанышы, Олимпиада чемпионы. Біз онымен және басқа да Олимпиада жүлдегерлерімен келісімшарт жасастық. Олардың арасында Энтони Джошуа бар. Данияр әлемнің барлық жерінде жұдырықтасатын болады. Қазақстанда да жекпе-жегін өткіземіз. 100 пайызға оны әлем чемпионы ретінде шығарамыз», – деген баспасөз мәжілісінде Хирн.

Данияр Елеусіновтің кәсіпқой боксқа ауысына менеджер Зия Алиев көмектескен. Британиялық промоутермен келісімшарт жасауына Алиев ықпал еткен. Ол қазақ боксшысы өнер көрсететін «Boxing Star» компаниясының басқарушы директоры.

Бірақ Хирн-Елеусінов тандемі ұзаққа созылмады. Биылғы жылы маусым айында келісімшарт үзілді. Жақында британдық менеджер бұл Даниярдың таңдауы болғанын айтты.

«Бұл оның өз шешімі. Ол өте үлкен қателік жасады. Менен кеткен соң не істеді? Ештеңе. Бәлкім, ол шешіміне өкінетір болар», – деді Хирн.

Толыққанды чемпион атану үшін кімдерді жеңу керек

Шынымен де, 18 желтоқсандағы аргентиналық боксшымен кездескенше Даниярдың үзілісі көбейіп кетті. Ол соңғы рет былтырғы жылы IBF Inter-Continental чемпионы атағы үшін жекпе-жекте намибиялық Джулиус Индонгоны (23-3, 12 КО) мерзімінен бұрын жеңген.  Сосын бір жылдан аса уақыт шаршы алаңға шықпады. Сол кезде әлемдік рейтингтен түсіп қалды.

Даниярға енді өзінің толыққанды чемпион екендігін мойындату үшін жоғарыда аталған төрт тұжырымның чемпиондарының біреуімен шығуға әрекет ету керек.

Осы салмақтағы WBC және IBF тұжырымдарының белбеуіне кіші Эррол Спенс ие. Ол көпшіліктің мақтауына ие боксшы. Жеңілмеген мықтылардың қатарында.

Спенстің әуесқой бокста айтарлықтай жетістігі жоқ. 2012 жылы Лондон олимпиадасында Серік Сәпиев өнер көрсеткен 69 келіде бақ сынап, ширек финалда ресейлік Андрей Замковойдан ұтылып қалған. Есесіне, кәсіпқой бокста өзін мойындатып жүр. Бүгінгі таңда 27 рет шаршы алаңға шығып, 21-інде қарсыластарын мерзімінен бұрын жеңген.

«Эррол Спенс аса бір керемет талант бар деп ойламаймын. Қазір болмаса да, жақын арада Елеусінов оны оңай орнына қоятына сенемін. Егер үш раундтық жекпе-жек болса Данияр Спенсті қазір-ақ жеңеді. Америкалық негізінен қарсыласын қысымға алып, оның ашылғанын күтетін боксшы. Ал Данияр одан техникалық тұрғыдан басым түсуі тиіс. Өйткені, Елеусінов жылдам әрі ақылды. Эрролдың соңғы қарсыласы бір орында тұрып жұдырықтасады екен. Егер қарымта шабуылға иелік ететін боксшы болса, оған көп қиындық тудыратыны анық», – дейді Даниярдың қазіргі менеджері Зия Алиев «Sports.kz» сайтына берген сұхбатында.

WBO белбеуі америкалық Теренс Кроуфордта жүр. Бұрын бірінші орта салмақта өнер көрсеткен. Сол тұста барлық титулды жеңіп алып, абсолютті әлем чемпионы да болған. Төрт бірдей негізгі титулды жеңген тарихтағы үшінші боксшы.

WBA тұжырымы бойынша суперчемпиондықты кубалық Йорденис Угас еншілеген.  Әуесқой бокста Бейжің олимпиадасында қола медаль алған. 2005 жылы әлем чемпионы атанды. Кәсіпқой бокста 30 жекпе-жек өткізді. Оның 26-сында жеңіске жеткен. Былтыр АҚШ боксшысы Абель Рамостен басым түсіп, бос тұрған WBA белбеуіне қол жеткізді.

 

Бек Төлеу

Басқа жаңалықтар

Back to top button