Ұлттық спорт

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАРЫС АЯҚТАЛДЫ

Ескелді ауданы «Тау-Жетісу» демалыс аймағында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Саят» ұлттық спорт түрлерінен «Сонар-2021» республикалық турнирі өтті. Жарысқа 11 облыстан 80-нен астам құсбегі қатысты. Облыс әкімдігінің қолдауымен өткен турнирдің жалпы жүлде қоры 4 миллион теңгені құрайды. Бұл жарыс биыл 24-рет ұйымдастырылуда.

Аталған іс-шараның ашылу салтанатында «Қансонар» аңшылық бірлестіктер және аңшылық шаруашылық субъектілері республикалық ассоциациясының басқарама төрағасы Оралбай Әбдікәрім, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қыран» федерациясы қоғамдық бірлестігінің президенті Нұрлан Өнербай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қанат Айтбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Қожа, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, эстрада әншісі Досымжан Таңатаров, Ескелді ауданының әкімі Рустам Әли және Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев қатысып, ұлттық өнерді ұлықтаған ұл-қыздарға сәттілік тіледі.

Орайы келгенде саятшылықты ұлықтаушы, құсбегілікті дамытып жүрген Бағдат Мүптекеқызының еңбегін ерекше атап өтуге болады. Үш күн бойы тау бөктерінде сайысқа түскен құсбегілер келген жұрттың таңдайын қақтырды. Бірі тазы жүгіртіп, екіншісі сұңқар ұшырып, қолына қыран қондырған жарысқа қатысушылар қырдың қызыл түлкісіне бүркіттердің томағасын сыпырып салды. Дәл осы тұста сексеннен аса бүркітшінің арасында қаршадай ғана қыран ұстаған Айжан Асқарқызының өнеріне тәнті болмаған жан қалмады. Өзі нәзік болғанымен, рухы асқақ қайсар қыз нағыз құсбегіліктің қызығын көрсете білді. Қыраны жүлделі орынға жете алмаса да, көрермендер «көзайымы» деген номинацияны жеңіп алды. Ескелді, Көксу, Талдықорған қаласы ақ шаңқан қазақ үйлер тігіп, үш күн бойы жарысқа қатысушыларға қонақжайлық танытып, ән мен күйден шашу шашып, мерекенің шырайын кіргізді.

Үш күнге созылған додада жеңімпазды анықтау өте қиынға соқты. Барлығының да дайындап әкелген қырандары алғыр, тазысы жүйрік, сұңқары қарымды болды. Әйтсе де мол ұпай жинаған үздіктер іріктеліп, жүлдеге қол жеткізді.

 

Сонымен, қанжығасы майланған құсбегілер атап өтейік:

«Құмай тазы»

1-орын Айдос Оспанов «Тұйғын» – Алматы облысы

2-орын Еркебұлан Дәулеткелді ұлы «Айқара» – Алматы облысы

3-орын Ернар Мүптекеев «Ақ сұңқар» – Алматы қаласы

 

«Сұңқар»

1-орын Мұрат Кідеков «Қаракөз» – Алматы облысы

2-орын Танат Оспанқұлов «Самал» – Қарағанды облысы

3-орын Қуаныш Исабеков «Мұнтаз» – Алматы облысы

 

«Қаршыға»

1-орын Бексұлтан Сейтжан «Көк­жендет» – Алматы облысы

2-орын Дәурен Аршабай «Ақаршын» – Түркістан облысы

3-орын Төлемырза Пан «Тұйғын» – Түркістан облысы

 

«Бүркіт»

1-орын Ермұқан Әйтебай «Нұра» – Алматы облысы

2-орын Арман Күшкаров «Нарын» – Атырау облысы

3-орын Серікбек Күнтуған «Алғыр» – Нұр-Сұлтан қаласы

4-орын Алмас Сейтжан «Нұра» Алматы облысы

5-орын Аян Сейітжан «Атамұра» – Алматы облысы

Жеңіске жеткен барлық жеңімпаздар арнайы диплом, медаль және қомақты қаржылай сыйлықпен марапатталып, мерейлері үстем болды.

 

Ришад ТҰРҒАНБАЙ,

журналист

 

Ескелді ауданы

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button