Ұлттық спорт

ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР ЖАНДАНДЫ

Қараша айының соңғы аптасында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Кеген ауданында ұлттық мұра ашылды. Nur Otan партиясы Кеген аудандық филиалы ғимаратында партияның жобасы аясында ашылған орталықта балалар мен жасөспірімдер тоғызқұмалақ, шахмат сынды ойындарды үйреніп, олардың қыр-сырымен кеңінен танысты.

 

Сан ғасырдан алтын арқау, жібек жолын үзбей жалғап келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға негізделген орталықтың ашылуына Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов, аудандық мәслихаттың хатшысы Тұрсынбай Әліпбай және бір топ халық қалаулылары мен ауылдың ардагерлері қатысты. Көпшілікті орталықтың жұмысымен Nur Otan партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Нұғыман егжей-тегжейлі таныстырды. Мұнда балалар ұлттық ойындармен қатар ұмытылып бара жатқан бестас, ханталапай секілді мәні мен маңызы зор ойындармен де шұғылданады. Сөйтіп ауыл балғындары бір уақыт миын шынықтырып, ойларын сергітеді. Ұлттық ойынымызды жандандырады. Әрі балалардың өсуіне, азамат болып қалыптасуына да тигізер пайдасы орасан. Тоғызқұмалақ ойынының ерекшелігі туралы тоғызқұмалақтан ересектер арасында республикалық біріншіліктің 4 дүркін чемпионы, спорт шебері кегендік Гүлсім Мұсаева жан-жақты әңгімелеп берді.

Құттықтау сөз алған аудан әкімі Талғат Байеділов: «Ұлттық мұра орталығы жас ұрпақты туған елі-жерін сүюге, салт-дәстүрімізді құрметтеуге, ұлттық ойындарымызды үйреніп қана қоймай, өзгелерге дәріптеуге негіз қалайтын тамаша орын болады. Осылайша балаларымыз ұлтымыздың жақсылықтарын бойларына жинап, Тәуелсіз Отанымыздың келешегі болар нағыз патриот ұл мен қыз болып өсері даусыз. Орталықтың жұмысына сәттілік тілеймін!» – деп ел ертеңі үшін жасалып жатқан осындай игілікті істердің жалғаса беретінін айтты.

Алдағы уақытта ұлттық ойын түрлерінен мемлекеттік қызметкерлер арасында, одан соң ауылдық округтерде жарыстар өткізілетіні де белгілі болды. Бәріне де сәттілік тілейміз.

 

Қанат САТЫПАЛДЫ

 

Кеген ауданы

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button