Футбол

Джордже Деспотович Қазанның «Рубин» клубынан неге кетті?

Кезінде Қазақстан премьер-лигасында доп тепкен Джордже Деспотович Қазанның «Рубин» командасынан кетті. Сербиялық шабуылшының алдағы уақытта қай командада ойнайтыны әзірге белгісіз.

Деспотович Татарстан астанасына 2020 жылдың жазында «Оренбургтен» еркін ойыншы ретінде ауысып келген. «Рубин» сапында осы уақыт аралығында 36 матчта 15 гол соғып, бес нәтижелі пас берген. Оның келісімшарты 2023 жылға дейін жасалған. Бірақ клуб келісімшарттың аяқталғанын күтпей, футболшыны қосалқы құрамға жіберді. Сөйтіп, оның орнына «Локомотивте» ойнайтын беларусь Виталий Лисаковичті алды.
«Спорт Экспресс» басылымының жазуынша, Деспотович бас бапкер Леонид Слуцкиймен келіспей қалған. Клубтың ойыншыға артар басты кінәсі – жиі жарақат алуы мен қайта қалыпқа келуі болып отыр. Биылғы маусымда сербиялық шабуылшы жарақатына байланысты үш ай алаңға шықпады. Тамыз айында аяғынан жарақат алса, қазанда табанын ауыртып алған. Соңғы жарақатын емдеу үшін 2-3 ай уақыт кетті. Тек жылдың соңында ғана жаттығуға қосылды.
Бұл жағдайға клуб басшылығы мен бапкерлер штабының көңілі толған жоқ. Өйткені былтырғы маусымда команданың үздік сұрмергені атанған шабуылшыдан сол жетістігін тағы қайталауды күткен. Бірақ Деспотович бірінші айналымда үмітті ақтамады. Чемпионатта 9 матчта пенальтиден соғылған бір голмен шектелді.
Қаңтар айының басында сербиялық шабуылшының «Астанаға» оралуы мүмкін екені айтылған. Алайда, «Астананың» бас директоры Тастанбек Есентаев оны жоққа шығарды.
Футболшы бұған дейін сұхбаттарының бірінде «Қазақстан менің жүрегімде. Маған көп көмегі тиді. Әрине, жағдай оңай емес. Тіпті, кейбір алаңдарда мүлдем футбол ойнауға болмайды. «Қайрат» пен «Астанада» жағдай тәуір. Бұл екеуі – Қазақстандағы ең бай командалар. Ал «Жетісуда» жаттығуда ойыншылар Месси, Роналду деген жазуы бар формалармен жүретін. Мен мысалы, «Црвена Звездадағы» жейдеммен жаттығу жасайтынмын» деп айтқан.

Басқа жаңалықтар

Back to top button