БоксСұхбат

Василий Жиров, Атланта Олимпиадасының чемпионы: Америкаға қаншама қазақ боксшыларына жол аштым

Тәуелсіз Қазақстан тарихында бокстан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған әрі үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогына қол жеткізген отандасымыз Василий Жировпен әңгімелесудің сәті түсті. Бүгінгі таңда АҚШ-тың Аризона штатында тұратын 48 жастағы боксшы «Қазақ спортына» эксклюзивті сұхбат берді.

– Қазір Аризона штатында немен айналысып жүрсіз?
– АҚШ-та бокс залым бар. Сол жерде бір топ адамды жаттықтырамын. Оларға өз денесін басқаруды үйретемін. Ең бастысы, эмоция деп ойлаймын. Соны дұрыс пайдаланып үйрену қажет. Маған жаттығуға әртүрлі адам келеді. Клиенттерім өте көп. Арасында танымалдары да бар. Егер менен бірдеңе үйренуді қалап тұрса, оларға әрдайым есік ашық. Барлығын жаттықтыра беремін.
– Қазақстанға оралғыңыз келмей ме?
– Америкада жүргеніме 20 жылдан асты. Мұнда адамдардың сана-сезімін өзгертуге, адамгершілігін арттыруға өз үлесімді қосып жүрмін. Бір кездері Қазақстанға келіп, жұмыс істегім келді. Алайда маған қолайлы ұсыныс түскен жоқ. Сосын жай ғана кетіп қалдым. Сондықтан өзімді Отан алдында қарыздармын деп есептемеймін. Ондай сезім жоқ.
Көп адамдар тек армандап, елестететін жетістіктерге қол жеткіздім. Қазақстан тарихында алғаш болып Олимпиада чемпио­ны атандым. Әлем кубогын Қазақстанға бірінші болып әкелдім. Қазақстан тарихында кәсіпқой бокстан тұңғыш әлем чемпио­ны атану бақыты да бұйырды. Сөйтіп Америкаға қаншама қазақ боксшыларына жол аштым.
– Қазір Қазақстанмен қандай байланысыңыз бар? Туған-туыстарыңыздан бөлек кімдермен хабарласып тұрасыз?
– Қазақстанға анда-санда туыстарыма, достарыма қонаққа келемін.
– Балқаш қаласынан шыққан атақты адамдар аса көп емес. Көпшілік Балқаш дегенде сіздің есімді жиі атайды. Балалық шағыңыз өткен Қарағанды облысының бір шағын қаласына деген сағыныш бола ма?
– Балқаштан көп адамдар жазады. Оларға жауап бергеніме қуанамын. Жалпы, жер бетіне келген әр адамның өз жолы, өз міндеті бар. Соны орындау үшін осында жүрміз.
– Былтыр бір сұхбатыңызда Джеймс Тонимен реванш өткізгім келеді деп айтып едіңіз. Ол ойыңыздан бас тартқан жоқсыз ба? Егер мүмкіндік болса, дайынсыз ба?
– Джеймс Тонимен жекпе-жек өткізу туралы келіссөз жүріп жатыр. Кездесу өтеді деп үміттенемін. Егер ол болмаса, басқасымен шығамын.
– Енді өткенге шегініс жасасақ, Атлантада жартылай финалда Антонио Тарверді жеңген соң финалды күптей-ақ сізді Баркер кубогына лайық деп шешім қабылдаған екен. Осы қаншалықты рас?
– 1996 жылы өткен Олимпиада ойындарына көз жүгіртсек, ең мықты боксшылар менің салмағымда жиналған. Сондықтан үздік боксшыларды жеңіп, тұғырдың ең жоғары сатысына көтерілгеніме қуаныштымын. Баркер кубогын жартылай финалдан кейін маған беру туралы шешім қабылдағанын естідім.
– Дәл осы жартылай финалдағы кездесуіңізді әуесқой бокстағы ең басты жекпе-жек деп айтуға бола ма?
– Үздік жекпе-жектерімнің бірі деп санаймын. 1995 жылы әлем чемпионатының жартылай финалында Тарверден жеңілгенмін. Сол кездесуді қайта қарап шықтым. Сондықтан Атлантада ол күтпеген қадамдарға баруыма тура келді. Жекпе-жек барысында боксты қойып, төбелесуге бардым. Ол мұны күтпеді. Ал көшедегідей төбелесе кеткенде, қарсыласым не істерін білмей қалды.
– Сол Олимпиададан кейін көп ұзамай, кәсіпқой боксқа ауысып кеттіңіз. Кейін Сиднейге дейін неге күтпедім деген өкініш болмады ма?
– Кәсіпқой боксқа ауысатынымды Олимпиадада жүргенімде білдім. Сондықтан ешқандай өкініш жоқ.
– Жалпы, кәсіпқой боксқа сіз секілді 22-23 жаста ауысқан дұрыс па? Әлде әуесқой бокста біраз тәжірибе жинақтап кейін барған жөн бе?
– 22 жасымда мүмкіндіктің шегі жоқ екенін білдім. Егер адам шын қаласа, кез келген белесті бағындыруы мүмкін. Кәсіпқой бокста бұйырған белбеуге қол жеткіздім.
– Өзіңіз бокспен ерте қоштастыңыз. Қазақстанның тағы бір боксшысы Геннадий Головкин күні кеше 40 жасында жекпе-жек өткізді. Бокста 40 жасқа дейін жүру қауіпті ме?
– Спортпен қоштасуымның өзіндік себебі бар. Осы жетеді деп, өзімді тоқтатуға тура келді. Адам жан-дүниесінің даусын естуі керек. Ал басқа боксшы үшін жауап бере алмаймын. Әрбір адам өзінің мүмкіндігін бағалауы керек. Мүмкіндік деген шексіз. Соны дұрыс пайдалануды біздің ішкі кертартпа ойымыз шектейді. Бұл өмірде кездейсоқ ештеңе жоқ.
– Бапкеріңіз Александр Апачинскийдің «джек» деген неміс овчаркасымен қуып жаттығу жасатқаны осы күні аңыз секілді айтылады. Қазір мұндай қатал жаттығу боксқа қажет пе? Әлде бұл әдістеме ескірді ме?
– Александр Иванович кезінде қолынан келгеннің бәрін жасады. Бәлкім, қазір мұндай қауіпті жаттығулар қажет емес шығар. Алайда адамның денесі кез келген жағдайға, тіпті қалыптан тыс жайттарға дайын болуға тиіс. Жоғары мақсатқа қол жеткізу үшін нәтиже беретін жаттығудың өз пайдасы бар деп білемін.
– «Апачинскийдің овчаркасы» туралы аңызды тағы бір өз аузыңыздан естігіміз келеді…
– Менің ойымша, бұл жаттығу үдерісінің бір бөлігі саналатын. Ал сырттан бақылап тұратындарға кәдімгідей қорқынышты болып көрінетін. Апачинскийдің бұл әрекетін түсінбегендер көп. Не деп ұрысатындарын білмейтін. «Баланы қалай жаттықтырып жатырсың? Мынауың не?» дейтіндер болды. Бірақ сол кездері бізде басқа жол жоқ еді. Бапкерім қолында бар мүмкіндікпен дайындады. Ол көп оқыды, ақылды адам. Үнемі өзін дамытуды ойлайтын. Қаншама видеолар қарады. Сосын бір шетелдік басылымдардың біріне шыққан сұхбатта америкалық кәсіпқой боксшылар жолбарыспен жаттығады дегенді көзі шалды. Біздің Балқашта жолбарыс та, арыстан да болмады. Есесіне «неміс овчаркасы» бар еді.
Біз жаттығатын залдың үлкен дәлізі бар болатын. Мен сол дәліздің басында тұрамын. Ал овчарканы бір метр қашықтықта ұстайды. Дәліздің соңында есік бар. Ол жерде бірге жаттығатын балалар болады. Егер дәліз арқылы жүгіргенде ит қуып жетпесе, жігіттер есікті жауып үлгереді. Ал ит қуып жетсе, бұрылып үлгеруім керек. Қолымда арқан жіп болатын. Сонымен жағдайды бақылап отыратынмын.
– Тістеп алған кезі жоқ па?
– Ондай сәттер болды. Ауруханаға барып тіктіргенбіз. Оң қолымда, арқамда, аяғымда тыртық қалған. Бірақ бұлар ұсақ-түйек. Апачинскийдің талаптары мұнымен бітпейді. Сосын ол жаттығуда ішкі бұлшықетті шынықтыру үшін күрекпен ұратын. Мен қолымды көтеріп тұрамын, бірге жаттығатын жігіттер шамалары жеткенше ұрады. Сөйтіп бұлшықетті қатайтқан кездер болған.
­– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Бек ТӨЛЕУ

Басқа жаңалықтар

Back to top button