БастыБокс

Түркия Қазақстаннан алтынды «тартып» алды

Ертең Ыстанбұлда өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпио­наты өз мәресіне жетеді. Қазақ­стан құрамасы бұл жарысты бес жүлдемен қорытындылады. Атап айтсақ, Жайна Шекербекова, Дина Жоламан, Карина Ибрагимова және Валентина Хальзова қола медальды қанағат тұтса, кеше түнде Алуа Балқыбекова бас жүлде үшін таласты. Финалдық бәсекеде ол жергілікті боксшы Айша Чагирирмен шаршы алаңға шығып, 2:3 есебімен жеңілуге мәжбүр болды.

Әлем чемпионатында бес жүлде алу өте жақсы көрсеткіш екені еш дау туғызбайды. Әдетте жерлестеріміз аталған жарыста екі-үш медальды еншілеумен ғана шектелуде. Қазақстанның әйелдер құрамасы өзінің ең зор табысына осыдан алты жыл бұрын Астанада қол жеткізді. 2016 жылы жалауы желбіреген жарыста 4 алтын мен 2 қола медальды иеленіп, жалпы командалық есепте көш бастаған едік. Міне, енді Ыстанбұлда бес боксшымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Десек те қазақ жанкүйерлерінің бұл көрсеткішке «көңілі толды» немесе «бөріктерін аспанға атып қуанды» деп айта алмаймыз. Осылайша ой қорытуымыздың өзіндік себептері де бар.
Біріншіден, Анадолы еліне сапар шеккен 12 былғары қолғап шеберіміздің тең жартысы тұсаукесер кездесуінде сүрінді. Өзгелерді айтпағанда, Назым Қызайбай (50 кг) мен Дариға Шәкімованың (66 кг) шабысынан жаңылғанын түсіне алмадық. Алғашқысы – әлемнің екі дүркін чемпионы, сол жарыстың қола жүлдегері, Азия біріншілігінің жеңімпазы. Екіншісі – Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы. Иә, Қызайбайдың қарсыласы мықты болғаны рас. Колумбиялық Ингрит Валенсияның осыдан алты жыл бұрын Рио-де-Жаней­рода алауы тұтанған Олимпия ойындарында үшінші орынға табан тірегені есімізде. Бірақ қандасымыз да қара жаяу емес. Оның да атағы дардай. Және де Назым одан бақандай бес жас кіші. Сол 33 жастағы ардагер спортшыны ел мақтанышына айналған боксшымыздың сан соқтыра алмағаны таңғалдырды.
Даңқты Дариға Шәкімованың есі­мі көпшілікке беймәлім Навбахор Хами­довамен күш сынасатынын естігенде, оның «екі аяғын бір етікке тығатын шы­ғар» деп ойладық. Бірақ өзбек қызы осал болмай шықты. Ол алдап-арбап жүріп-ақ, Шәкімованы шаң қаптырып кетті.
Атағы алысқа жайылған Ләззат Күн­гей­баева (81 кг) сүрінгенде, тіпті ай­тар­ға сөз таба алмай қалдық. Аса ауыр салмақта айқасып жүрген жерлесіміз кезінде әлем және Азия чемпионы, әлем чемпионатының финалисі, құрлық біріншілігінің төрт дүркін жүлдегері атанды. 34 жастағы боксшымыз түркиялық Шенур Демирмен шеберлік байқасты. Ол да әлем және Еуропа чемпионаттарында екі реттен жеңіс тұғырына көтерілген сақа спортшы. Екеуара айқас өте шие­леністі өтті. Төрешілердің жергілікті боксшыға бүйректері бұрғаны рас. Бірақ Күнгейбаеваның 40 жастағы қарсыласын қапы қалдыратындай жөні бар еді. Сол секілді Токио Олимпиадасына қатысқан Надежда Рябец (75 кг) және талай дүрмекте ысылған Римма Волосенко (60 кг) мен жас дарын Аида Әбікеевадан (63 кг) да еш қайыр болмады.
Жартылай финалға жолдама алған бес боксшымыздың төртеуі жеңілістің кермек дәмін татқанда да көңіліміз қат­ты құлазыды. Әсіресе, екі бірдей әлем чемпионы – Дина Жоламан (54 кг) мен Валентина Хальзоваға (70 кг) айрықша сенім арттық. Екеуінің де қарсыластары аса қарулы емес еді. Дина румыниялық Лакрамиоара Перишочтің «жетегінде» кетті. Валентина мозамбиктік Алсинда Хелена Пангуаны жап-жақсы сабап жатып, қапияда нокдаунға түсіп қалды. Сол нокдаун бәсекенің тағдырын шешті. Сол секілді Жайна Шекербекова (52 кг) мен Карина Ибрагимова (57 кг) да кеңінен көсіле алған жоқ.
Жарыс қорытындысы бойынша Түр­кияның – жеті, Қазақстанның – бес, Таиланд пен Үндістанның – үш, Өзбек­стан, Бразилия, Италия, Ирландия, Алжир, Канада, Мозамбик, Польшаның – екі, Болгария, Аргентина, Испания, Колумбия, Румыния, Тайпей, Косово, АҚШ, Панама, Франция, Аустралия, Литва, Марокко және Нидерландтың бір боксшысы жартылай финалда күш сынасты. Аталған жарыста жеңіп алған жүлделердің саны бойынша жерлестеріміз екінші орынды иеленді. Әрине, бұл – жақсы нәтиже. Алайда бізді алаңдатып отырғаны – алтынның жоқтығы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button