Сұхбат

Аян Әбдіраш: Жапониядағы Сурдлимпиадаға да қатыссам деген жоспарым бар

Жақында Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен Сурдлимпиада ойындарында ту ұстап шыққан таеквондошы Аян Әбдіраш қола жүлдегер атанды. Қарағандылық спортшы бүгінгі сұхбатында турнирдің қалай өткені, жеңіске жетуге не кедергі болғаны және Азия ойындарына даярлығы жайлы айтып берді.

– Аян, жақында Бразилияда өткен Сурдлимпиада ойындарынан жүлделі оралдыңыз. Құттықтаймыз! Жарыс қалай өтті?

– Рақмет! Бұл аламанға жүлде үшін бардым және сол мақсатыма қол жеткіздім. Жеңіске жетсем деген ниет болған. Өкінішке қарай, бұл жоспарымыз жүзеге аспай қалды.

– Әр жекпе-жекке жеке тоқталсаңыз.

– Алғашқы айқаста африкалық спортшымен жекпе-жек өткіздім, ал екіншісінде ирандық таеквондошымен кездестік. Ол қарсыласымнан ұтылып, жартылай финалда өзбекстандықтан басым түстім.

– Бұл аламанға чемпиондық атақты қорғау үшін аттанғаныңыз анық. Мақсатқа қол жеткізуге не кедергі болды деп ойлайсыз?

– Шыны керек, ирандық спортшыға арнайы дайындалдық. Себебі әлем чемпионатында да осы жігітке есе жібергенмін, соны қайтарсам деп едім. Бірақ сәттілік жетпей қалды. Әйтпесе бапкерлер де сенді, өзім де чемпион боламын деп барғанмын. Спорт деген сол ғой, бақ пен бап қатар шаппаса жеңіске жете алмайсың.

– Жақындарыңыз жекпе-жектеріңізді тамашалай алды ма? Алғаш болып хабарласқан да шығар…

– Әрине. Жарысты олар үйде тікелей эфирден тамашалап отырған. Басты жанкүйерлерім анам мен әпкем ғой, тілекшім де солар. Сондықтан анам жарыстарымды жібермей көріп жүреді. Үнемі батасын беріп шығарып салады. Бұл жолы да солай болды. Уақыт айырмашылығына қарамастан жарыс аяқтала салысымен қоңырау шалып, құттықтады.

– Ал Сурдлимпиадада Қазақстанның туын алып шығу туралы жаңалықты қалай қабылдадыңыз?

– Маған бұл жаңалықты жарысқа аттанардан үш күн бұрын хабарлады. Министрліктен бапкеріме телефон шалып айтқан екен, бапкерім: «Саған туды сеніп тапсырып жатыр» деді. Күтпеген жаңалық қой. Бірақ шын қуандым.

– Таеквондомен таныстығыңыз қалай басталып еді?

– Қарағандыда туып-өстім. Анам 9 жасымда таеквондоға алып барды. Міне, содан бері осы спортты серік етіп келемін. Алғашқы бапкерлерім спорттан кеткен. Таеквондодан бөлек боксқа да барып көрдім. Қазір жеке бапкерім – Руслан Ищанов.

– Алғашқы жарысыңыз есіңізде ме, қандай турнир еді?

– Қарағанды облыстық чемпионаты болатын. Сол біріншілікте жеңімпаз атандым. Бұл менің бойымдағы сенімділікті арттырған турнир болды.

– Үйде сізден бөлек спортпен шұғылданатындар бар ма?

– Үйде спортшы жалғыз өзім ғана. Отбасымызда екі баламыз, әпкем бар. Жалпы, туыстардың арасында спортшылар жоқ екен.

– Сіз туған өңірде таеквондоға қызығушылық қандай?

– Меніңше, қызығушылық өсіп келеді. Бәсекелестік те жоғары. Жастар арасында осы жекпе-жекке деген қызығушылық артқаны байқалады. Жалпы, таеквондоның дамуы үшін өңірде барлық жағдай жасалған.

– Ал елімізде ерекше спортшыларға қаншалықты жағдай жасалған?

– Көп елдерге қарағанда біздегі жағдай анағұрлым жақсы, спортшыға көңіл бөлінеді, жаттығу залдары да бар. Бастысы, жаттығуға деген ниет керек.

– Алда қандай маңызды турнирлер күтіп тұр?

– Биыл сурдотаеквондодан Азия ойындары өтеді. Жоспар бойынша қыркүйекте Бішкекте жалауы желбірейді.

– Сіздің салмақтағы мықтылардың барлығы осы Азияда емес пе?

– Дұрыс айтасыз. Негізінен мықтылар Оңтүстік Корея мен Иран спортшылары. Сары құрлық додасында барымызды саламыз. Үш жылдан кейін Жапонияда Сурдлимпиада ойындары өтеді. Сәтін салса, бұл ойындарға да қатысамын деген жоспар бар.

– Сіз 58 келіде өнер көрсетесіз. Сіз үшін салмақ қуу қаншалықты қиын?

– Иә, 58 келіде жүргеніме бес жылдай болды, оған дейін 54-те болғанмын. Мен үшін салмақ қуу аса қиын емес, себебі өз салмағым 61 келіні құрайды. Салмақ жинауға аса бейім емеспін.

– Таеквондодан ұлттық құрама мүшелерімен араласып тұрасыздар ма?

– Кей жігіттерді білемін, бірақ аса араласа бермейміз, себебі жаттығулар бөлек өтеді. Бірақ жарысқа аттанғанда тілекшіміз ғой.

– Спорттан бөлек неге қызығасыздар?

– Басқаға уақыт жоқ, тек спорт. Тіпті әлеуметтік желілерге де тіркелмегенмін, қызық емес. Бірақ сонда да танып, тілегін білдіріп жататындар бар.

Әңгімелескен – Мәдина Асылбек

Басқа жаңалықтар

Back to top button