Сұхбат

Мерей СҮЙІНОВ: Талдықорғанда су спортына қызығушылық жоғары, бірақ мамандар аз

Былтыр Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Талдықорғанда Орталық Азияда теңдесі жоқ жүзу бассейні салынды дегенді естіген едік. Соны өз көзімізбен көрудің мүмкіндігі туды. Жақында Талдықорғанға барған сапарымызда «Талдықорған орталық жүзу бассейнін» аралап, директоры Мерей Сүйіновпен әңгімелескен едік.

Орталықты басқарып отырған азамат жас болғанымен,  осал емес. Каратенің киокушинкай түрінен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Спорттық карьерасын аяқтаған соң, еңбек жолына араласып, тәжірибе жинақтаған. Сол кездегі Алматы облысының әкімі Амандық Баталов сенім артып, жаңа мекемеге жетекші етіп тағайындаған.
– Мерей, алдымен «Талдықорған орталық жүзу бассейні» туралы айтсаңыз? 
– Былтыр елорданың туған күнінде ресми түрде ашылған. Бір жылдан бері қызмет істеп жатырмыз. Бассейн әлемдік стандарттарға сай келеді. Заманауи жүзу бассейні 3,8 га жерді алып жатыр. Бұл ғимараттың жалпы ауданы 13 мың шаршы метрден асады. Әмбебап бассейн – жүзу, су добы және үйлесімді (синхронды) жүзуден оқу-жаттығу өткізуге, тұрғындар үшін сауықтыруға арналған. Ал көрермендер трибунасы 570 орынға лайықталған.
– Қазіргі кезде орталықта қанша бала жаттығып жатыр? Неше бапкер жұмыс істейді?
– Бассейнге деген облыс тұрғындарының қызығушылығы өте жоғары. Instagram-да парақшамызды ашып, хабарландыру жасаған күні бірден 5 мыңға жуық адам парақшаға тіркелді. Осыдан-ақ қызығушылықтың қандай деңгейде екенін байқауға болатын шығар. Қазіргі кезде 1500 бала жаттығады, 30 бапкеріміз бар.
– Мұндай әлемдік деңгейдегі кешенге білікті жаттықтырушылардың қажет екені түсінікті ғой…
– Біз еліміздегі су спорт түрлерінің үздік мамандарының барлығымен хабарластық. Қызметке шақырдық. Синхронды жүзуден Олимпиада ойындарына қатысқан, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айнұр Кереймен де келіссөз жүргіздік. Ол өз командасымен бірге келгісі келеді. Сосын тұрғын үй мәселесін шешіп бергенімізді қалайды. Бізді көбінесе осы жағы қинайды. Қызметкерлерімізді тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан Айнұр секілді сырттан келетін білікті бапкерлерге облыс әкімдігімен бірлесіп, шешіп беруге тырысып жатырмыз. Алдағы уақытта жақсы хабар болып қалады деп үміттенеміз.
– Қандай жарыстарға қатысып жүрсіздер?
– Қазақстанда өтетін бәсекелерден қалмаймыз. Ал шетелдегі сайыстарға босқа ақша шашпаймыз. Әрбір тиынды дұрыс жұмсау – міндетіміз. Өз ішімізде де додалар өткізіп тұрамыз. Бір айта кетерлігі, синхронды жүзуден Қазақстан чемпионатының регламентінің басқа спорт түрлерімен салыстырғанда айырмашылығы бар екен. Өзге спорт түрлерінде ел чемпионы атанғандарға «спорт шебері» атағы берілсе, жүлдегелер кандидат болады. Мұнда ұлттық құрама мүшелері Қазақстан құрамасының атынан қатысады. Яғни өздері туған өңірдің намысын емес, ұлттық құраманың мүшесі ретінде бақ сынайды. Сондықтан олар бас бәйгені жеңіп алады.
 – Жалпы, осындай орталықтар ашып, жағдай жасаса, бұл спорт түрінен Қазақстанда болашағы зор деп айтуға бола ма?
– Әлбетте. Білікті бапкерлер болса су спортынан да талай дарындарды тәрбиелеп шығаруға болады. Қызығушылық өте жоғары. Өздеріңіз білесіздер, Олимпиада ойындарында өте көп жүлде сарапқа салынады. АҚШ-тың атақты спортшысы Майкл Фелпстің Олимпиада ойындарынан жеңіп алған алтындарының саны жалпы Қазақстанның 30 жылдағы жеңгенінен көп. Сондықтан мұндай спорт түрлеріне көңіл бөлуіміз керек.
– Бір жылдың ішінде «Тал­ды­қорған орталық жүзу бассейнінде» қандай жарыстар ұйымдастырылды?
–Жүзуден республикалық Жетісу кубогы өтті. Енді бұл дода дәстүрлі түрде болады.Үйлесімді жүзуден Қазақстан чемпионатын қабылдадық. Әр айдың соңында бассейннің өз шәкірттеріне жарыс ұйымдастырып тұрамыз.
– Ал енді жеке өзіңізге келсек, 2015 жылы киокушинкай каратеден әлем чемпионы атандыңыз. Сол кезде чемпионның құрметіне қойылатын гимннің ауысып кеткені көпшіліктің есінде. Бірақ сіз талап етіп, жаңа әнұранды қойғыздыңыз. Осы туралы айтып өтсеңіз?
– Жеңістің буымен ескі әнұран қойылғанда шайқалып тұра беретіндер кездеседі. Бірақ мен ондайға жол бермедім. Бірден ұйымдастырушылардан Қазақстанның ресми жаңа әнұранын талап еттім. Олар «Яндекс» іздеу жүйесінен қарап, бұрынғы гимнді қоя салған. Мен Google-ден «Алтын күн аспаны» деп басталатын әнұранды тауып бердім. Сөйтіп, ұйымдастырушылар кешірім сұрап, қателікке бой алдырған қызметкердің жұмыстан қуылғанын айтты.
– Каратенің түрі өте көп. Тіпті, сіз чемпион болған киокушинкай карате мен шинкиокушинкайдың айыр­машылығын білмейміз. Осының ара-жігін ажыратып беріңізші?
– Бұлардың бір-бірінен асып бара жатқан айырмашылығы жоқ. Тек Жапонияда бірнеше карате федерациясы бар. Әрқайсының өз жарғылары, ережелері бекітілген. Жалпы, татамидегі белдесу бір-біріне өте ұқсас. Мен айналысқан киокушинкай негізінен ұпай жинау бойынша ерекшеленеді. Мұнда қорғана жүріп жеңіп кетуге болмайды. Киокушинкайда соққының тиімділігіне көп мән беріледі, жай ғана соққыға ұпай берілмейді.
– Былтыр Токио Олим­пиа­да­сының бағдарламасына алғаш рет карате спорты енді. Төрт жылдықтың басты додасына дейін спортта жүрмегеніңізге өкінбедіңіз бе?
– Жоқ, мен өз шешіміме ешқашан өкінген емеспін. Оның үстіне Токио Олимпиадасында жүлделер сарапқа салынған кумите мен мен өнер көрсеткен карате екеуі екі бөлек.

Бек ТӨЛЕУ

Басқа жаңалықтар

Back to top button