Футбол

Түркістан футболының жаңа белесі

Түркістан облыс болып құрылған 4 жылдың ішінде өңірде әртүрлі салаға қаржы бөлініп жатқаны белгілі. СОның ішінде спорт та бар. Жақында аталған облысқа қарасты «Тұран» футбол академиясының 19 жасқа дейін футболшылары өз құрдастары арасында Қазақстан чемпионы атанды.

Мұны неге ерекшелеп айтып отырмыз? Оның өзін­дік себебі бар. Өйткені чемпион команда Қазақстан атынан жастар арасындағы УЕФА Чемпиондар лигасына қатыса­ды. Әлемнің үздік команда­ларының жастар құрамымен шеберлік бай­қасады. Бір кездері Қазақ­станға Еуропа­дағы алдыңғы қатарлы академия сана­латын «Бен­фика», «Атлетико Мадрид», «Га­ла­тасарай» командалары да келген.
Енді осындай мықты­лардың бірімен жасыл алаңда жолығу Түркістанның «Тұран» коман­дасына да бұйырып тұр.
Бұған дейін Қазақстан на­мы­сын тек «Астана» мен «Қай­раттың» жастары қор­ғаған.
«Астана» – 2015/16 жылдары
«Қайрат» – 2016/17
«Қайрат» – 2017/18
«Астана» – 2018/19
«Астана» – 2019/20
«Қайрат» – 2020/21
«Қайрат» – 2021/22.
Айтпақшы, «Тұран» акаде­миясының құрылғанына көп бола қойған жоқ. Бар-жо­ғы бір жыл. Аз уақыттың ішін­де ко­манда толағай табыс­қа жетіп отыр. 19 жасқа жастар құ­рамасында 2004-2005 жылдары туған балалар ойнаса, 2006 және 2007 жыл­дардағы тәр­бие­ленушілері де екінші жастар лигасында үздік шықты. Одан бөлек 2008 және 2009 жылғы командалары үшінші және екінші орынға тұрақтады. Тек 2010 жылғы команда ғана жүлде ала алмай, жетінші орынға жайғасты.
«Тұран» жастар акаде­мия­сына Қазақстанға жақсы таныс, черногориялық маман Сава Ковачевич жетекшілік етеді. Ол бұған дейін Ақтауда жұмыс істеген. Әуелі «Кас­пий» клубын араға 19 жыл салып премьер-лигаға шы­ғарса, кейін сол жақтың акаде­ми­я­сының тізгінін ұстады.
Ол отандық басылым­дар­дың біріне берген сұхбатында чемпион атанған құраммен қаңтардан бері жұмыс істеп жат­қандарын айтты. Ака­де­мияға ойыншыларды Шым­кент пен Түркістанда іріктеген. Халқы тығыз орналасқан облыстан таланттарды табу «Тұран» академиясының басшылығына қиындық тудырмаған тәрізді. Тіпті көк­пар ойнап жүрген баланың өзі командаға қабыл­данып-
ты.
– Бізде 2006 жылы дүниеге келген Ерасыл Серсербай деген ойыншы бар. Оның әкесі мен ағалары көкпаршы. Ерасыл 400 адамның ішінен іріктеліп өтті. Ол ақпан айына дейін әуесқой деңгейде ғана доп теуіп жүрген. Енді өзінен екі жас үлкендермен бірге өнер көрсетіп жүр. Үздік сұрмерген атанып та үлгерді. Чемпиондыққа да қол жеткізді, – дейді Сава Ковачевич.
Ал балаларды Ғалымжан Есенбаев жаттықтырады. 48 жастағы маман бір кездері «Ордабасының» қосалқы құ­рамын жаттықтырған. Қазір «Тұран» академиясында жүр. Ол орталыққа Бекзат Сат­тарханов атындағы облыстық спорт мектеп-интернатының 10-11 сынып оқушыларының барлығын жинадық дейді.
Демек академия ашып, білікті мамандарды жинап, жан-жақтағы таланаттарды ірік­теп, басын қосса, нәтиже көр­­сетуге болары сөзсіз. «Тұ­ран» академиясының жұмы­сы орта жолда қалмай, қазақ футболына жаңа талант­тарды қоса береді деп үміттенеміз.

Бек Төлеу

Басқа жаңалықтар

Back to top button