Футбол

Месси бастаған Аргентина әлем біріншілігінің жартылай финалына өтті

Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында Нидерланд пен Аргентина құрамалары жартылай финалдың жолдамасын сарапқа салды.

Аргентинаның осыған дейін өз тарихында 1978 және 1986 жылғы дүниежүзілік додаларда топ жарғаны белгілі.

Нидерланд футболшыларының әлем чемпионаттарының финалында жолы болмай жүргені мәлім. Олар үш мәрте соңғы бәсекеге шыққанымен, бірде-бір рет жеңіс тұғырына көтеріле алмады.

Командалар «Лусаил Айконик» стадионында кездесті. Ойынның негізгі және қосымша уақыттары тең есеппен аяқталды – 2:2.

Аргентина құрамасының жұлдызы Месси барын салып, аянбай еңбек етті. Бірінші таймда Месси айып алаңына жақындап, әріптесі Науэль Молинаға пас берді. Ал оның қақпаға соққан добы мүлт кетпеді. Есеп – 1:0.

Екінші кезеңде Нидерланды құрамасы жазаланып, Аргентинаға 11 метрден доп соғу мүмкіндігі бұйырды. Бұл жолы да Месси суырылып алға шығып, есепті 2:0-ге жеткізді. Ал соғылған осы доп Мессидің әлем чемпионаттарындағы оныншы голы ретінде тіркелді.

Дегенмен 83-минутта оң қанаттан Стевен Бергхейс асырған допты Вут Вегхорст баспен торда тулатып, есепті қысқартты – 1:2. Бұлардың екеуі де тыңнан қосылған ойыншылар еді. Қосымша уақыт аяқталар тұста (90+11) нидерландтықтар айып добын орындағанда, Вут Вегхорст таразы басын теңестіріп кетті – 2:2.

Бұдан кейін екі экстратаймда аргентиналықтар көбірек қауіп төндіргенімен, есеп өзгермей, матч тағдыры пенальти сериясында шешілді. Онда Аргентина қақпашысы Эмилиано Мартинес қатарынан екі пенальтиді қайтарды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button