Бокс

Үш қазақстандық боксшы WBA рейтингінен шығып қалды

Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WTA) барлық салмақ дәрежесіндегі жекпе-жекшілер рейтингісінің жаңартылған нұсқасын жариялады.

 

Суперауыр салмақта сегізінші болған Жан Кособуцкий рейтингіден шықты. Иван Дычко 15-ші болып қалды. Бұл санаттағы «Супер чемпион» атағы украиналық Александр Усикке тиесілі, рейтинг кестесінде бірінші орын бос тұр, екінші қатарда Конго ДР өкілі Мартин Баколаға, үшінші орын америкалық Деонтей Уайлдерге тиесілі.

Бірінші ауыр дивизионда Қамшыбек Коңқабаев пен Серік Мұсаділов бұрынғы орындарында – тиісінше үшінші және 15-ші болып қалды. Бірінші орында кубалық Юниэль Дортикос тұрса, одан кейін тізімде Швеция спортшысы Баду Джек тұр. WBA Super чемпионы – француз Арсен Гуламирян.

Екінші орта салмақта бесінші орында болған Айдос Ербосынұлы рейтингіден шығып қалды. Бек Нұрмағанбет бір саты жоғары көтеріліп, оныншы болды. Тізімде бірінші орынды Калеб Плант (АҚШ), одан кейін Эрик Базинян (Канада) мен Патрик Макрори (Ирландия) алды. «Суперчемпион» атағы – мексикалық Сауль «Канело» Альваресте.

WBA Super белдігі Геннадий Головкинге тиесілі орта салмақта австралиялық Майкл Зерафа бірінші, аргентиналық ардагер Серхио Мартинес екінші, ал америкалық Остин Уильямс үшінші орынға көтерілді. Бұл салмақтағы «қарапайым» әлем чемпионы – кубалық Эрисланди Лара.

Екінші жартылай жеңіл салмақта сегізінші болған Сұлтан Зәуірбек рейтингтен шығарылды. Бекман Сойлыбаев, керісінше, үздік 15 спортшы тізіміне қосылып, 14-ші орынға тұрақтады. Үздік «үштікке» америкалық кіші Ламонт Роуч, грузин боксшысы Отар Эраносян және мексикалық спортшы Лео Санта Крус кірді. WBA Regular нұсқасы бойынша бұл салмақта әлем чемпионы – Доминикан Республикасының өкілі Эктор Луис Гарсия.

Екінші жеңіл салмақта Евгений Павлов алтыншы орыннан бесіншіге көтерілді. Рейтингте Азат Оганесян (Армения) бірінші, Томоки Камеда (Жапония) екінші, Кевин Гонсалес (Мексика) үшінші орында. WBA Super негізгі титулын өзбекстандық Муроджон Ахмадалиев иеленді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button