Бокс

Әлем чемпионатына баратын боксшылардың бабы қандай? Бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов жауап берді

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы көктемде Ташкентте өтетін әлем чемпионаты қарсаңында алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

Алматы облысындағы «Ақбұлақ» базасында 5 наурызда басталған жиынға ұлттық құраманың барлық 88 өкілі жиналды. Сондай-ақ отандастарымыздан бөлек, мұнда Ұлыбритания, Əзербайжан, Грузия мен Тəжікстаннан келген 60 боксшы шеберлік шыңдап жатыр. Жиын 17 наурызда аяқталады.
Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановтың сөзінше биыл шəкірттері үшін олимпиада жолдамасы сарапқа салынатын 2 ауқымды бəсеке бар. Алғашқысы – мамырда өтетін әлем чемпионаты, екіншісі – Ханчжоуда өтетін Азия ойындары.

«Біз жұмысты ақпанда бастап кеткенбіз. Қазір əлем чемпионатына тыңғылықты дайындық жүріп жатыр. Ақбұлақтағысы алғашқы кезеңі. Кейін Түркістан облысында арнайы жаттығу болады. Осыған дейін халықаралық жарыстарға алғашқы және төртінші номерлі боксшыларды жіберіп, сынақтан өткізіп көрдік. Қазір барлық көшбасшы боксшы бабында. Десе де кімнің шамасы неге жететінін тағы байқап көрмекпіз. 2001 жəне 2003 жылы дүниеге келген жастарды құрамға көптеп тартамыз», – деді Мырзағали Айтжанов.

Бокстан ерлер арасындағы Əлем чемпионаты 1-14 мамыр аралығында Өзбекстан астанасы Ташкентте өтеді. Ал əйелдер арасындағы дүниежүзінің басты бəсекесі 14-26 наурыз күндері Үндістан астанасында болады. Шəміл Сафиуллин баптайтын бұрымды боксшылар барлық 12 салмақта сынға түседі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button