Футбол
Алматыда Мессидің жейдесі 8 млн теңгеге сатылды
Алматыда футболдан QJ League – Қазақстан жасөспірімдер чемпионатының екінші маусымының салтанатты жабылу рәсімінде қайырымдылық аукционы өтті.
Маусымның үздіктері марапатталған кешке отандық танымал спортшылардан бөлек блогерлер де көптеп жиналды. Осы орайда ұйымдастырушылар биыл қайырымдылық іс-шарасын өткізіп, Қостанайдағы балалар үйіне қаржы жинады.
Ал лот ретінде отандық футболшылардың жейделерімен қатар «Алтын доптың» сегіз дүркін иегері Лионель Мессидің түпнұсқалық сертификатымен жабдықталған «Барселонаның» жейдесі болды. Қызу сауда-саттық барысында ол 8 миллион теңгеге сатылды.
Нәтижесінде балалар үйінің қорына 14 миллион 500 мың теңге аударылды.
Айта кетейік, QJ League турнирінің жеңімпазы алматылық «Қайрат» командасы болды. Осылайша, алматылық ұжым келесі жылы да УЕФА жасөспірімдер лигасына Қазақстан атынан қатысады.