Жасөспірімдер арасында өтетін QJ League турнирінің екінші маусымы өз мәресіне жетті. Биылғы аламанда да Алматының «Қайрат» клубы қарсылас шақ келтірмеді. Дәл осы оңтүстік астанада маусымның жабылу салтанаты өтіп, жылдың үздіктері марапатталды.
QJ League президенті Рохус Шох турнирді ұйымдастыру деңгейін ұстап тұруға баса мән берілгенін алға тартты. Сонымен қатар биыл бірқатар жаңалық болғанын да қоса кетті.
Екінші маусым синдромы болғаны рас. Біз деңгейді түсіріп алмай, былтырғыдан жоғары өткізуге тырыстық. Мықты демеушілер келді. Әлемдік брендтердің қолдау көрсетуі лиганың мойындалғанын аңғартса керек. «Қайраттың» жеңімпаз атануы заңдылық. Бірақ QJ League өзге өңірлерді де футболды дамытуға ынталандырып отыр. «Тараз», «Астана», «Ордабасы», «Шахтер» клубтарының қарқынын көріп қуанамыз. Ақтауда QJ League үшін арнайы шағын стадион салынды, еліміздің өзге өңірлері де солардан үлгі алады деп сенемін, — деді Шох.
Кешке қонақ ретінде ардагер қақпашы Құралбек Ордабаев, футболдан еліміздің алты дүркін чемпионы, бүгінде «Астана» клубының техникалық директоры Самат Смақов, бапкер әрі Қазақстанның екі дүркін чемпионы Владимир Никитенко, танымал кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас, Париж олимпиадасында бақ сынаған семсерлесушілер, Париж Паралимпиадасының чемпионы Ақмарал Науатбек секілді еліміздің көптеген спорт саңлағы мен блогерлер қатысты.
Ал жеңімпаздар 15 номинация бойынша анықталды.
Жеңімпаздар тізімі мынадай:
Бахтиер Зайнутдинотың ең пайдалы ойыншы сыйлығы – Дастан Сәтпаев («Қайрат»)
Эдуард Сонның үздік шабуылшы сыйлығы – Нұрдәулет Орынбасар («Тараз»)
Евгений Яровенконың үздік қорғаушы сыйлығы – Әмірбек Базарбаев («Қайрат»)
Антон Шохтың үздік жартылай қорғаушы сыйлығы – Роман Асылбаев («Шахтер»)
Александр Убыкин үздік қақпашы сыйлығы – Ян Лалов («Шахтер»)
Евстафий Пехлеванидиның үздік бомбардир сыйлығы – Бағдәулет Нұралы («Ордабасы»)
Георгий Хутидидің үздік бапкер сыйлығы – Русланжан Райымбакиев («Қайрат»)
Асхат Тағыбергеннің маусымның үздік голы сыйлығы – Ахан Серік («Ордабасы»)
Игорь Шацкийдің үздік сейв сыйлығы – Артем Панца («Оңтүстік»)
Александр Кулаковтың үздік төреші сыйлығы – Сағадат Ыдырысов
Үздік инспектор – Серғали Оспанов
Диас Омаровтың үздік медиа қызметі сыйлығы – «Астана»
Сейілда Байшақовтың үздік маркетинг сыйлығы – «Тобыл»
Евгений Ротттың үздік жетекші сыйлығы – Сергей Когай («Ордабасы»)
Үздік менеджер – Виктор Кашарин («Тобыл»)
Айта кетейік, QJ League Қазақстандағы кәсіби футбол клубтарының жастар командалары арасында элиталық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыралы. Ал QJ League жеңімпазы УЕФА жастар лигасында Қазақстан атынан қатысу құқығына ие болады.