Елена Рыбакина Әбу-Даби турнирінде камбэк жасап, ширек финалға шықты
Елена Рыбакина Әбу-Даби (БАӘ) WTA 500 турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 68-орында тұрған 23 жастағы америкалық Кэти Волынецпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық теннисшінің жиі қателескенін пайдаланған Волынец 5:1 есебімен алға кетті. Ақыры ол есесін жібермеді – 6:2. Екінші сетті Елена брейкпен тәмамдады – 6:4. Үшінші, шешуші партияны Рыбакина брейкпен бастады – 2:0. Есеп 5:3 болып, матчқа доп бергенімен, ол мүмкіндігін пайдалана алмады. Дегенмен ойынды тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:4.
* Матч өте қиынға түсті. Әсіресе, бірінші сет ауыр болды. Дегенмен соның бәріне қарамай, ойынның менің пайдама шешілгеніне қуаныштымын, — деді Рыбакина.
Елена жартылай финалға шығу үшін әлемнің 33-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің үш дүркін финалисі, тунистік Онс Жабермен ойнайды.
Өткен жылы осы жарыста финалда ресейлік Дарья Касаткинаны 6:1, 6:4 есебімен жеңген Рыбакина жеңімпаз атанған еді. Биыл сол чемпиондық атағы мен рейтингілік ұпайын қорғауы тиіс.