«Жанкүйерлермен әңгіме! Чемпиондық жекпе-жектің ұйымдастырылуы біз ойлағаннан да қиын екен. Жанкүйерлерді айтпағанда кейде өзіміз түсінбей қалатын дүниелер болып жатыр. Біздің қолда болса оразаға дейін жекпе-жек өткізіп, үйге қайтар едік.
Өздеріңіз де жаңалықтардан оқып жүрсіздер, Жәнібек WBO чемпионы Андрадаге міндетті қарсылас болды. Ол жекпе-жек өткізуден бас тартып, жоғары салмаққа көтеріліп кетті. Одан кейін WBO тұжырымы Фалько деген бразиялиялық әккі боксшыны қарсылас етіп тағайындады. Біз елде жүргенде сәуірдің тоғызына жекпе-жек өтуі мүмкін, қарсылас сол бразиялиялық болады деген хабар алғанбыз. Содан ғой асығып ұшып кеткеніміз. Ол да ары ойланып, бері ойланып жұдырықтаспайтын болып шешті. Оның мақсаты Гена.
Содан не керек, WBO тұжырымы үшінші қарсыласқа қолқа салды. Ол мексикалық Мангуия! Он күннің ішінде келісімге келіңдер деген хат жолдады. Он күн өтті олардан хабар жоқ.
Неге WBO қарсылас табу керек? Себебі біз сол WBO тұжырымының чемпиондығына жұдырықтасайын деп жатырмыз. Қарсыласты өзіміз [команда] тауып, өзіміз келісіп жұдырықтаса аламаймыз. Шарты, заңы солай. Ретинг бойынша ашық өтеді бәрі.
Біз де тыныш жатқанымыз жоқ. Промоутерлер мен менеджерлерге мәселені жылдамырақ шешу керектігін айтып, мазалап жатырмыз. Олардың да қолында емес. Шешімді қарсылас командасы қабылдау керек.
Сонымен не керек кеше бір жаңалық шықты. Мангуия WBC чемпионы Чарлодан жекпе-жек өткізуге ұсыныс алды деген ақпаратты оқыдым. Әрине бұл жерде мексикалықтың командасы таңдау жасау керек. Егер ол Чарломен жұдырықтасатын болса, онда бізге басынан жаңа қарсылас қарастырылады, сосын келіссөз жүргізуге уақыт береді. Сосын промоутерлік саудаға шығады… Қысқасы әлі біраз жүйке жұқарады. Мангуия Чарломен кездесуден бас тартып, Жәнібекпен кездесемін деуі де мүмкін. Осыны біз асыға күтіп жатырмыз. Бұл жерде тағы үлкен бір мәселе бар. Ешкім біреудің ұйымдастыруымен өтетін шоуға барғысы келмейді. Өздері өткізгісі келеді. Чарло «Шоу таймда», Мангуия «ДАЗНда»! Екеуі бір-бірімен шыққысы келіп тұрса да промоутерлері келісе алмаса жекпе-жек өтпейді. Бұл жерде үлкен бизнес бар. Телеарнаның бюджеті, жарнама, билеттер дегендей. Ал біз кез-келген жерге барып жұдырықтасуға дайынбыз. Бізге ақша емес, титул қызық болып тұр.
Оларды күтпей-ақ, WBO-ға қарамастан басқа бір жекпе-жек өткізуге болмай ма? Алдымызда чемпиондық шоу тұрғанда басқа біреумен жұдырықтасудың не керегі бар? Оның үстіне келіссөздің бел ортасынан кетіп, бағыт өзгерте алмаймыз. Ол кәсібилік емес. Чемпиондық жекпе-жек көрініп тұрғанда айдаладағы аты жоқ боксшымен уақыт жоғалтпау үшін жұдырықтасу да кәсібилік емес. Қырқына шыдадық, қырықбіріне де шыдайық.
Неге әлгі чемпиондар шыға салмайды?! Жәнібектің командасы бәріне келісіп тұрса енді неге олар жұдырықтаспайды? Пайда табудан бөлек олар ұтылудан қорқады. Ұзақ жылдар бойы дайындап келе жатқан боксшыларын АҚШта әлі қатты танымал емес қазақстандық боксшыға жемтік етіп бергісі келмейді. Сенімді емес. Өз боксшыларының Жәнібекті ұтатынына сенімді емес. Сол үшін де бұлар мың ойланып жүз толғанады. Жәнібекпен жұдырықтасып ұтылғанша, аты бар біреумен жұдырықтасып содан ұтылғаны оларға жақсы. Ақша істейді.
Уақыт өтіп жатыр?! Жоқ, уақыт өтіп жатқан жоқ. Уақыт бізге жұмыс істеп жатыр. Андраденің бас тартқаны, Фалькаоның жұдырықтаспағаны, Мангуияның әлі келісім бермегені бәрі-бәрі біздің пайдамызға болып жатыр. Жәнібектің Америкадағы танымалдығына қатты әсер етіп жатыр. Америкада танымалдық деген талантпен, кәсібилікпен бірге жүретін ұғым. Танымал боксшылар ғана үлкен шоуға қол жеткізеді мұнда.
Жаңалық осы, ағайын! Аз қалды. Өте аз қалды! Әлемді шулатамыз, бұйыртса!».
Berik Sultan Facebook парақшасынан алынды