Футбол

Тұңғышбаев пен Сүйімбаев «Ақсуға» келді

Биылғы маусымда Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсететін «Ақсу» екі бірдей шымкенттік футболшымен қатарын толықтырды.

Бұған дейін «Қайрат» намысын қорғаған Ғафуржан Сүйімбаев пен Еркебұлан Тұңғышбаев алдағы маусымды Павлодарда өткізеді. Былтыр Сүйімбаев «Қайраттың» капитаны болды. 31 жастағы қорғаушы тізесіндегі жарақатына байланысты өткен маусымның екінші жартысында алаңға шықпады. Сондықтан да болар, бас бапкер Құрбан Бердыев Сүйімбаевқа сенім артпады.
Еркебұлан Тұңғышбаев – Қазақстан құрамасының ойыншысы. Бұған дейін ол «Тұранның» оқу-жаттығу жиынына қатысқан болатын.
Еркебұлан «Ордабасы» командасының түлегі. 2014 жылы премьер-лигада алғашқы ойынын өткізді. Былтырғы маусымда ол Шымкент клубы сапында 19 матч өткізіп, 4 гол соқты. Бірақ жарақатына байланысты маусым айынан қазан айының ортасына дейін алаңға шықпады.
«Ақсу» командасы бүгінгі таңда Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Командаға украиналық маман Руслан Костышин бас бапкер болып тағайындалды. Оның бапкерлік штабына «Қайсар» мен «Атыраудың» экс-ойыншысы Владимир Аржанов кірді.
Жоғарыдағы екі ойыншыдан бөлек, «Ақсу» 32 жастағы ресейлік орталық қорғаушы Али Гаджибековпен келісімшартқа отырды.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button