
Бекзат Сейлханұлы Саттарханов 1980 жылдың 4 сәуірінде Түркістанда туған. Ал бокспен тек 15 жасынан бастап шұғылдана бастады. Сөйте тұра бокс тарихында өз атын алтын әріптермен жазып қалдырған саңлақ.
Білімі
Б.Саттарханов Түркістандағы Қ.А. Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінде оқыды.
Спорттық карьерасы
1998 жылы 18 жастағы Бекзат жастар арасындағы Азия біріншілігі мен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды.
19 жасында Орталық Азия чемпионатында екінші орын алса, Азия және Орталық Азия елдерінің біріншіліктерінде жеңімпаз атанды.
2000 жыл жерлесіміз үшін жұлдызы жанған кез болды. алдымен Гран-при кубогында топ жарған Саттарханов Сиднейдегі Олимпиада ойындарында қазақтың көк туын желбіретті. Небәрі 20 жастағы оғланның Австралия төріндегі өнеріне тамсанбаған жан жоқ.
Өкінішке қарай, Бекзат аққан жұлдыздай жарқ етіп өте шықты. 2001 жылдың табалдырықтан аттауына 15 минут қалғанда Бекзат сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Ордабасы ауданының Шұбар елді мекенінде жол апатынан көз жұмды.



