БастыБоксСұхбат

Апачинский: Аңыз бен ақиқат

Қарағанды қаласында тұратын журналист-публицисит Қайрат Әбілдә бір жылдары атақты боксшы, Аталанта Олимпиадасының чемпионы Василий Жировтың жеке бапкері Александр Апачинскийден сұхбат алып, ол туралы жып-жылы очерк жазып еді. Одан бері де 10 жылдай болған. Ал Александр Иванович болса бұл күні өмірде жоқ. Ендеше сол әңгімені оқырман назарына ұсынғалы отырмыз.

«Өткен күнде белгі жоқ» деп аталарымыз тегін айтпаған. Бұл күнде Атланта-1996 Олимпиадасының чемпионы, Баркер кубогының иегері, кәсіпқой бокстан IBF және WBA тұжырымдары бойынша әлемнің экс-чемпионы Василий Жировтың есімі де ел жадынан өше бастаған. Тарихқа атын алтынмен өзі жазып кеткеннен кейін, амал жоқ, кей-кейде, әлдебір құжат үшін өмірбаяны қажет болған кезінде ғана есімізге аламыз. Жә-жә, жарар, Жировты қойшы, Америка асып кетті, тым алыста… Ал оның жеке бапкері ше? Александр Иванович Апачинскийді айтамыз да: мына тұрған Балқашта емес пе еді, өзі? Бар ма, өзі, Тәңірі жарылқағыр, не істеп жүр екен, қазағыма Баркер кубогынан тұңғыш олжа салған тарлан бапкер?

Көкше теңіз толқынымен тербеп жатқан керім қала Балқашта Тілеугерей Мақанәлин деген ағамыз тұрады. Кезінде қолына былғары қолғап киіп, шаршы алаңның шаңын шығарған байырғы боксшы. Бүгінгі күнде дөңгелетіп отырған шаруасы бар кәсіпкер. Сол ағамыз Балқаштағы боксты көтерем деп соңғы жылдары бірталай істі қолға алған. Соның бірі – міне, екі-үш жылдың мұғдары болды, ол Балқашта жасөспірімдер арасында халықаралық турнир ұйымдастырып жүр.

Биылғы жаз өткен сол жарысқа біз де барып, балғын боксшылардың бәсекесін басынан-аяғына дейін тамашалаған болатынбыз. Міне, сол кезде аты аңызға айналған бапкер Александр Апачинскиймен жақынырақ танысып, кең отырып әңгіме-дүкен құрудың сәті түскен еді.

Біраз уақыт жанында жүріп, үйінде болып, дастарқанынан дәм татқанымызда «Әлдекімдерге деген өкпесі қара қазандай екен. Қазір ішіп кетіпті…», деген қаңқу сөздің қисынсыздау екеніне көз жеткіздік. Дегенмен, шаршаған кездерінде атасынан қалған ащы судан анда-санда «алып» қоятыны бар екен. Бірақ, өлшеммен, ретімен…

Жүз мың доллардың мағлұматы

Алпыстан жасы жаңа асқан Апачинскийді қартайып тұр деуге аузың бармайды: төртпақ келген денесі мығым, қолыңды қысқан кезде саусақтарыңның сүйегін үгітіп жібере жаздайды. Адамға тіктеп қарағанда тұздай көздері өңменіңнен өтіп кетеді екен. Түсі суық: баяғыдағы ақ патшаның жазалаушы отрядындағы атаман казагың дәл осындай болған шығар бәтшағар, деп қоясың іштей…

Александр Ивановичті Балқашта тумады дегенмен, оның бүкіл балалық шағы, жігіттік кезеңі осы бір көл жағалауындағы көрікті шаһарда өткен. Қазір де осы Балқашта: қаладағы Қараменде би деп аталатын орталық көшелердің біріндегі құстың ұясындай үш бөлмелі пәтерінде құдай қосқан қосағы Елена Георгиевна екеуі тұрып жатыр: бұл кісі Апачинскийдің екінші әйелі екен.

Өзі Балқаштың нағыз патриоты: қаладағы кемшілік атаулыны жіпке тізіп айтып отыратын ғадеті бар екен. Қаланың Құрметті азаматы ретінде биік мінберлерден әкім-қараларға қырғидай тиіп, сөйлеген кездері де болған. Сол себепті де, тілінің тотияйыны бар мұны көп адам жақтыра да қоймайтын көрінеді. «Қала күннен-күнге көркеюдің орнына, тозып бара жатқан сияқты – деп қара аспанды төндіреді Апачинский. – Қала тұрмақ, бүгінгі адамдардың пейілі де бұзылып барады. Баяғыда біздің үйде жасы үлкен көрші апа тұрды. Сол кісі наурыз, айт, жаңа жыл мерекелерінде подьездегі барлық көршілерге кіріп, бауырсағынан дәм татырып жүруші еді. Сол кездерді қатты сағынам. Қазір біз көршілерімізбен араласпақ түгілі, бір-бірімізді жөндеп танымаймыз да…».

Александр Иванович кеш үйленген екен: отыздан асқан кезінде украин қызы Иваннамен көңіл қосыпты. Алайда, әкесі үлкен қызметте болған Иванна ит арқасы қияндағы Балқашта тұрудан үзілді-кесілді бас тартыпты да, еліне, Львовына қайтып кетіпті. Сөйтіп, бұлардың некесі бір жылға да шыдамай, сыр берген. Апачинскийдің Иванна арудан Роксалана есімді бұл күнде жиырманың жетеуіне келген қызы бар екен: бірақ өзі сол қызын бір де бір рет көрмеген.

Қазіргі зайыбы Еленадан Никита есімді ұл сүйген. Жиырманың үшеуіне келген Никита Балқашта, ата-анасынан бөлек тұрады. Әкесімен араласпайтын көрінеді, анда-санда телефонмен тілдескені болмаса… «Бұл дегенің заңдылық, – дейді Апачинский күрсініп. – «Не ексең, соны орасың» деген. Бөтен біреудің баласын тәрбиеледік. Ал өзіміздікіне уақыт болмады. Бапкер деген байғұстың өмірі осы да…».

«Менің бар байлығым – отбасым, сүйікті зайыбым», – дейді Александр Иванович. Зайыбы туралы шабыттана айтады. Елена ханымды көзіміз көрмесе де, оның өте ұқыпты, пысық жан екендігін үйдегі мұнтаздай тазалықтан жазбай танисың. Өзінің қолы өнерлі-ақ екен: әсемдеп тоқыған неше түрлі кестелері көрмеге қояр көркем дүниедей, көздің жауын алады.

Бапкердің қазіргі таңда Балқашта бәлен дейтін туысы жоқ: үлкен апасы Татьяна Санкт-Петербургте, ал інісі Юрий курортты мекен Анапада тұратын көрінеді. Апачинскийдің бұл інісі де боксшы болған: КСРО-ның чемпионы деген атағы бар. Одан кейін ушу-сандамен айналысып, әлем чемпионы дәрежесіне де жеткен…

Александр Ивановичтің қазіргі серігі компьютер екен. Өзінің айтқанына қарағанда, күні-түні үстінен түспейтін көрінеді. Компьютер үстелінде оншақты флэшка жатыр. «Мұнда, – дейді, әйгілі бапкер, – жүз мың доллардың мағлұматы жатыр…».

– Мынадай мол мағлұматқа, жалпы, бай тәжірибеңізге қызығушылық танытып жатқандар бар ма қазір?

– Сатып алсын, пожалуйста… Мастер-класс, семинар сабақтарын  өткізейін деп біреуге жалынған емеспін. Ал «өткіз» деп өтініп жатқан адам тағы жоқ. Әнебір жылы Абай қаласына шақырған ұсыныс түскен болатын. Бас тарттым: баяғыда ол жаққа 58-ші статьямен барушы еді… Қазір ғой, кубалық бапкер, шау тартқан Сагарраны Алматыға, сонан соң Астанаға Ресейден ортаңқолды екі-үш жаттықтырушыны мол ақшаға шақырып, жетістіреді деп мәз болып жүрміз. Солардың менен қай жері артық екен? Осыны түсіне алмай-ақ қойдым…

Иә, айтарлықтай бар-ау. Он жеті жыл Ұлттық құрама команданың отымен кіріп, күлімен шыққан Апачинскийдің – Ермахан Ибраимов пен Бекзат Саттархановтың олимптің шыңына шығуына сүбелі үлес қосқан, Қазағыма Баркер кубогын тұңғыш алып берген әйгілі бапкердің бұл күнде алатын зейнетақысы 50 доллар екен.

 

Бапкердің басты міндеті

Александр Апачинскийдің өзі кезінде соққылары тегеурінді, техникалық шеберлігі тәп-тәуір боксшы болған: спорт шебері деген атағы бар. Ал кеңес заманында «КСРО спорт шебері» атағын иемдену дегеніңіз оңай шаруа болмайтын. 1967-1980 жылдар аралығында ол Қазақ КСР біріншілігінің чемпионы, жүлдегері атанды; халықаралық, бүкілодақтық және республикалық жарыстардың жеңімпазы болған. Ресми дерек көзіне сенсек, ол шаршы алаңда 132 кездесу өткізіп, соның 112-сінде жеңіске жетіпті.

Бокс қолғабын шегеге ілгеннен кейін өзінің бапкері Геннадий Васильевич Крыловицкийдің жолын қуып, Балқаштағы №4-ші кәсіби техникалық училище базасында бапкер ретінде еңбек жолын бастаған. Василий Жировқа дейін Апачинскийдей дарынды бапкер Сергей Косенков, Алмаз Орынбаев, Евгений Вишняков, Андрей Бормотин, Болат Нөкербеков, Николай Ситников, Вячеслав Детиненко сынды бүкілодақтық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін өсіріп шығарған.  Тағы да ресми дерекке сүйенер болсақ, Апачинкий өзінің бапкерлік карьерасында 11 спорт шеберін, 3 халықаралық дәрежедегі спорт шебері мен 2 еңбек сіңірген спорт шеберін тәрбиелеп шығарған екен.

Александр Апачинский 1992-2009 жылдар аралығында Қазақстан құрама командасында жаттықтырушы ретінде қызмет етті. Дәл осы кезеңде кейбір сәтсіздіктерге қарамастан, Қазақ боксы өзінің өрлеу дәуірін бастан кешкен болатын. Егемен еліміздің бокс державасына айналуына құраманың сол кездегі жаттықтырушысы, одан кейінгі аға бапкері болған Александр Иванович Апачинскийдің қосқан үлесі қомақты десек – ақиқаттың ауылынан алыс кете қоймас едік.

Зады, Апачинский бапкер ретінде ерте танылған. Кеңес заманында ол КСРО-ның жасөспірімдер құрама командасында жаттықтырушы болды. Небір майталман мамандармен қоян-қолтық жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтаған. «Бірде – деп еске алады Александр Иванович, – КСРО құрамасында бапкер болып жүргенімде менен еңбек сіңірген бір жаттықтырушы келіп, кеңес сұрады. Таңданғанымнан аузым ашылып қалыпты.

– Сен болсаң жассың, ал мен кейде өмірдің ағысына ілесе алмай қалам, – деген еді сонда әлгі атақты бапкер ағынан жарылып.

Сол кезде мен үйренгеннің ешуақытта кеш болмайтынына, сұрап-білгеннің түк те әбестігі жоқ екеніне көзім анық жеткен еді. Сондықтан, менің айтайын дегенім: өмір бойы іздену дегеніңіз– бапкер біткеннің басты міндеті болу керек!».

Парапсихология, космоэнергетика…

– Әлі есімде, – дейді Александр Иванович, – 1995 жылы Ташкент қаласында Азия чемпионаты өтті. Бұл – Атланта Олимпиадасының алдындағы лицензиялық турнир болатын. Ақыры жол түсіп тұрған соң, осында тұратын немере апам мен жездемнің үйіне соғып, хал-жағдайларын білдім. Мені таң қалдырғаны – әпкем мен жездем парапсихология және космоэнергетикамен айналысады екен. Мен үшін бұл өте таңсық дүние болатын: қайран қалдым, қатты қызықтым. Оның үстіне, екеуі маған неше түрлі мағлұмат беріп, тіпті менің ішкі дүниемді бөтен, теріс энергетикадан тазартып та берді. Бір сөзбен айтқанда,  екеуі менің көзімді ашты. Кетерде мен: «Жировты алып келсем, тазартып бересіңдер ме?», – деп ем, олар келісім берді. Ертеңінде Васяны алып келіп, апам мен жездеме әбден «тазартып» алдым. Бір қызығы, Вася сол жолы Азия чемпионатында бір демде өнер көрсетіп, алтын жүлдені «ойнап жүріп» жеңіп алды.

Қайтарда апам маған:

– Саша, еш алаңдама, Жировың Олимпиада чемпионы болады! – деді сеніммен.

Содан, Олимпиадаға дайындалып жатқанбыз. Бір күні шіркеуге барып, шешемнің аруағы үшін шырақ қойып, мінәжат еттім де, аялдамаға келе жатсам, жолда кітап дүкені тұр екен. Шынын айтсам, кітапқұмар адам емес едім. Сонда да, ішіне кіріп, аралап жүр едім, «Параспихология. Космоэнергетика» деген жазуы бар кітап көзіме оттай басылды. Сатып алып, күні-түні түгін қалдырмай оқып шықтым. Апам мен жездем айтқаннын бәрі осының ішінде екен. Содан бастап мен осы ғылымның соңына түстім. Маған шын, сізге өтірік, оның пайдасын шаш-етектен көрдім.

«Сидней-2000 Олимпиадасында мынадай жағдай болды, – дейді Александр Апачинский, әңгімесін әрі қарай жалғап. – Құрамадағы екі боксшының Австралияға  өздігінен жеткен жеке бапкерлері қояр да қоймай жаттығу базасына рұқсат алып кіріп, шәкірттерімен жолықты. Байқап тұрмын, олар кетісімен екі боксшы  сүмірейді де қалды. Яғни, жаңағылар сырттан келді де шәкірттерінің бойындағы күш-қуатқа толы энергетиканы өздерімен бірге алып кетті. Мұны, әрине, өздері сезген де жоқ. Айтқанымдай болған жоқ, ертеңінде екеуі де жеңіліп қалды. Солардың ең аз дегенде қола жүлде алуға мүмкіндіктері бар еді…».

  • Сол боксшылардың есімдерін айтпайсыз ба?
  • Бірі – Мұңайтбасов, екіншісі Кәрімжанов болатын…

«Тағы бір мысал – дейді бапкер қыза түсіп. – Миландағы әлем чемпионатына дайындалып жатқанбыз. Тура жарыс басталар күннің алдында біздің жер-дүниеге сыймай жүретін шенеуніктеріміз келіп, қой сойып, ет астырды. Дұға бағыштап, құран оқытты. Жүйкелері сымдай тартылып, онсыз да ширығып жүрген жігіттерді дастарқан басына жиып алып, ақыл-кеңесті оңды-солды аямай төкті-ай дерсің. Тіпті, бірде жаттығу залына кіріп келген біреуі намаз оқушы едім деп, боксшылардың бәрін тысқа шығарып жіберді. Міне, осындай дарақы қылықтар аса жауапты сын алдындағы жаттығу ырғағына, боксшылардың психологиялық тұрақтылығы мен дайындығына кесірін тигізбей қоймайды. Мен аға жаттықтырушы болып жүрген кезде біздің бокста мұндай жабайы, кісінің күлкісін келтіретін қылықтар жетіп-артылатын. Қазір қандай екенін білмеймін, әйтеуір, бокстың айналасында былық деген көп болатын…».

 

Мұны түсінер бала бар ма?

Аға буын жанкүйерлердің есінде болар, Василий Жиров өзі қатысқан жекпе-жектердің үзілісі кезінде басқалардай бұрышқа жалп етіп отыра кетпей, тек қана түрегеп тұрып демалатын. Орайы келіп тұрған соң, бапкерден осының сырын сұрадым. «Жаттығу кезінде, – дейді Александр Иванович, – Васяның бір раундының өзі кейде жиырма-отыз минутқа созылып кететін. Сонан соң, оны мен раунд арасындағы үзілісте түреген тұрып демалуға үйреттім. Неге десеңіз, түрегеп тұрған боксшы мен отырып демалған боксшының тыныс алуында аспан мен көктей айырмашылық бар. Мәселен, отырған боксшының ішіне өтетін ауа жолы жабылады да, күшін қайта қалпына келтіруі қиындай түседі. Бұдан бөлек, түрегеп тұрып демалған боксшының мысы қарсыласын қашанда басып тұрады. Бұл – психологиялық тұрғыдан өте маңызды».

Бокс десе ішер асын жерге қояр адам болса, Апачинскийдің әрбір сөзін алтынға балар еді. Еңбек жолын енді ғана бастаған бапкер үшін «Апачидің» бір өзі бір университет қой! Әттең, «Мұны түсінетін бала бар ма?» демекші, бүгінгі күні Апачинскийдің ақылын керек қылатын бапкер болмай тұр ғой.

Апачинский бапкер былай дейді: «Бокста секундант бола білудің өзі өнер. Бұл өзі бапкерден аса біліктілікті қажет ететін дүние. Жасыратыны жоқ, қазіргі жаттықтырушылардың көбі мұны дұрыс меңгермеген. Мәселен, жанталасқан жекпе-жектің үзілісінде боксшы 20 секундқа дейін ештеңе ұқпайды, сені естімейді де. Ал қазіргі бапкерлер болса, боксшыны дұрыс демалдырудың орнына дәл сол сәтте оған қалай жұдырықтасу керектігін айқайлап тұрып үйрете бастайды…».

 

Жиров Джекке не үшін қарыздар?

Бүгінгінің баласына Апачинскийдің көңілі толмайды-ақ. Оның ойынша, боксшы болам деп үйірмеге келген қазіргі балалардың ой-өрісі төмен, жүріс-тұрысы қарынды аштырады екен. «Солардан тарихты сұраймын, «қызылдар» кім, «ақтар» кімдер?», – деген сұрақ қойсам жақ ашпайды. Есесіне,  «көгілдірлердің» (голубой) кім екенін жақсы біледі. Бірде қалада кетіп бара жатқанымда класс жетекшім Анна Алексеевнаны көріп қалып, сәлем бердім:

– Мен ғой – Сашка Апачинский… кластың бірінші бұзақысы…

  • Ой, Сашка, білесің бе, сен қазіргі балалардың жанында періште екенсің, – дегені ұстазымның…

«Еңбек сіңірген жаттықтырушы» екенімді, «Құрметті азамат» атанғанымды айтқанымда, ұстазым көзіне жас алды. Қуанғанынан жылады деп ойладым мен…».

«Жалпы, – деп сөзін жалғай түседі Апачинский, – өз басым баланы боксқа жастай бергенге қарсымын. Менің ұғымымда бала боксты 14 жасында бастауы керек. Оған дейін оның жалпыфизикалық дайындық үдерісінен өткені жөн: суда жүзіп, гимнастика немесе жеңіл атлетикамен айналысса құба-құп болар еді».

Жиров демекші, Вася да Апачинскийге он жастан асқанында тап болған. «Зайыбым болмағанда, Олимпиада чемпионы Жиров та болмас еді», – деп күледі Апачинский. Оның сыры мынадай екен: жасөспірім Васяның жаттығуда жүрдім-бардым қарап жүргенін байқап қалған бапкер оны залдан қуып шығыпты. Сонда, зайыбы Елена Георгиевна күйеуін әрең дегенде көндіріп, райынан қайтарған екен.

Олимпиада чемпионы, Баркер кубогының иегері Василий Жировты өзгелерден бөлектеу қылып тұратын бір қасиеті – оның төзімділігі деп қазір кесіп айтуға болады. Апачинскийдей адамды аяу дегенді білмейтін бапкердің қатал тепкісінен өту дегеніңіз екінің бірінің қолынан келмес шаруа еді. Қайран, Вася! Жаттығу кезінде екі қолын көтеріп қойып, жуандығы оқтаудай сырықпен қос қабырғадан, жон арқадан еті қатайсын деп оңдырмай ұрғылағанда шыдауына тура келген. Көлдің ортасына апарып суға тастап кеткенінде, қу жан деген тәтті емес пе, бәленбай шақырым жерден жүзіп өтіп, жағаға жетіп жығылады екен. Ал моншаның буына еңбектеп қашқанына дейін ұстайтыны ше? Айта берсең, Апачинскийдің аңызға бергісіз мұндай «сұмдығы» көп-ақ. Осындай «тепкіден» өткен Василий үшін шаршы алаңдағы айқас біткен баланың ойынындай-ақ болып қалатыны сөзсіз еді. Жалпы, әуесқой бокста жартылай ауыр салмақтағы Жировтың найзағайдың жарқылындай шапшаңдығына жылдамдығы ілесе алатын боксшы екен-саяқ болатын. «Жиров мұнысы үшін алғысты Джекке айтуы керек», – деп күледі Апачинский. Бапкер сөзінің жаны бар: жаттығу кезінде ол өзінің әлгі «Джек» деп аталатын қабаған овчаркасын Жировқа қосатын көрінеді. Сонда байғұс Вася екі өкпесін қолына алып, ұзын дәліздің бойымен зымырағанда, итке жеткізбей барып түпкі есікке кіріп үлгереді екен…

«Апачинский тағы бір Олимпиада чемпионын дайындап шығара ала ма?», – деген сұраққа өзі былай деп жауап беретін көрінеді: «Ақшадан тарықтырмаса, шығарар ем. Өйткені, сұрай-сұрай әбден шаршаған адаммын…». Ал бокстың аузы дуалы мамандары: «Оның тепкісіне Жировтай шыдайтын боксшы табылса, әрине, шығарады», – дейді бірауыздан…

Бұл күнде бапкер Апачинский мен шәкірт Жиров арасындағы қарым-қатынас үзілген. Әркім өз шаруасын күйттеп жүр… Әуесқой бокстағы ең биік шыңды бағындырғаннан кейін Жировтың кәсіпқой боксқа ауысқанын жұрт жақсы біледі. Америкаға аттанғанда Апачинский де жанында болды. Бірақ, кәсіпқой бокстың маңайындағы «қасқырларға» бапкер емес, боксшы Василий Жиров керек болатын. Жарты жылдан кейін Балқашына қайтып келгені де сондықтан.

Қазір, тұлғасы қарама-қайшылыққа толы тарлан да тарпаң бапкердің қарамағында балағында биті бар бес-алты бала жаттығып жүр деп естідік…

          Р.S. Есімі елімізге белгілі бір маманның «Апачинскийдің біздің боксқа бергені де көп, зиянын тигізген жері де аз емес», деген пікірін естігенде өз құлағыма өзім сенбегем. Сөз ауанын байқастасақ, Апачинскийдің зияны – біздің құрамадағы боксшыларды жаттығуда тым қатты қинап жіберген екен. Талап тым қатаң болып, көбісі зорыққаннан Олимпиада чемпионы бола алмай қалған екен… «Қап, әттеген-ай, обал болған екен…», – дейміз бе енді?! Осындай аяусыз айтылған пенделік пікірді естіген кезде қазіргі таңдағы біздің боксшыларымыздың халықаралық аренадағы жарыстардың соңғы раундтарында семіз аттай барлығып, демі өшіп, шықпа жаным-шықпамен жүретіні еске түседі. Әттең дүние, «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген, дәу де болса, осы шығар…

Қайрат Әбілдә (Қарағанды)

Басқа жаңалықтар

Back to top button