Магомед Адиев: Біз қазір бір отбасыға айналдық
Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Словакиямен болатын матч алдында баспасөз мәслихатына қатысып, тілшілердің сұрақтарына жауап берді.
– Ертеңгі ойынға дайындық қалай?
– Үлкен дайындық болды деп айта алмаймын. Үш ойыннан кейін жігіттердің функционалды және психологиялық тұрғыдан қалыпқа келуін қадағаладық. Словакиямен болатын матчқа дейін әлі бір күн бар. Біз осы уақытты тиімді пайдалануға тырысамыз.
– Қосалқы құрамнан шығып жүрген Шушеначев пен Жарынбетов ойынды күшейте алмауда. Жұмабек, Самородов секілді ойыншыларды шығару жоспарыңызда бар ма?
– Сіз дұрыс байқадыңыз. Бұған дейін жақсы өнер көрсетіп жүрген Самат Жарынбетов Беларусьпен болған ойынға ене алмады. Бірақ қосалқы құрамнан шыққан ойыншылар бұл матчта бар күштерін салды. Біз кездесудің соңғы 20 минутында ойынымызды жоғалтып алдық. Бұған футболшылардың шаршауы себеп болды. Сондықтан алаңға шыққан ойыншылар ойынды күшейте алмады. Мен командада жүрген барлық футболшыға сенім артамын. Дәл қазіргі сәтте олар менің жанұяма айналды. Оларды сынға алған жанкүйерлер бар айыпты маған тақсын. Себебі бұл ойыншыларды алаңға шығару туралы шешімді мен қабылдадым.
– Словакия құрамасының мықты және әлсіз тұстарын айта аласыз ба?
– Команда үздік ойыншылардан жасақталған. Мен мұны бұған дейін де айтқан едім. Әсіресе шабуыл шебіндегі креативті ойыншылар мен қос қапталдағы қорғаушыларын ерекше атап өтер едім. Алаң ортасында шабуылды бастап беретін Лоботка бар. Ал Словакияның әлсіз тұстарын айта алмаймын. Себебі ол менің командам емес.
– Қазақстанның қазіргі құрамы бұрынғыдан несімен ерекшеленеді?
– Бұл сұраққа ертеңгі ойын аяқталған соң жауап бергім келген еді. Мен ұлттық құраманы қабылдаған кезде бір журналист команданы әлсіз деп айтқан еді. Мен олай ойламаймын. Егер Қазақстан құрамасын біз сыйламасақ, онда команданы басқа ешкім де құрметтемейді. Жігіттерді әлсіз деп айтуға болмайды. Қосалқы құрамнан шыққан футболшылар да ойынға жақсы қосылды. Футболда жеңіспен қатар, жеңіліс те болады. Ең бастысы командадағы футболшылар жұрекпен ойнауы қажет. Қарсыласты да құрметтей білуіміз керек. Егер мұны жасау қолымыздан келсе, Қазақстан құрамасының деңгейі айтарлықтай жоғарылайды.
– Ертеңгі матчта кім капитан болады?
– Бұл міндетті Асхат атқарады. Өкінішке қарай, Қуат бұл ойынға қатыса алмайды. Бірақ оны алмастыраиын ойыншылар жеткілікті. Тағыберген қазір бізбен бірге жаттығып жүр. Ертең ешқандай жағдай болмаса, ол алаңға шығып, капитандық міндетті өз қолына алады.
– Словакияның бас бапкері Қазақстанмен болған ойыннан кейін өз орнын босатты.
– Өте өкінішті. Оның қайтадан бапкерлік жұмысқа оралуына тілектеспін. Оны жақсы түсінемін, себебі жаттықтырушының қандай жауапкершілік арқалайтынын жақсы білемін. Словакияның Әзербайжанмен өткен ойынын тамашаладым. Жаңа бапкер өзгерістер енгізген екен. Бірақ ойын стилінің сол күйінде қалғанын байқадым.
– Ертең топтағы шешуші ойын болады. Фаворит өзгере ме?
– Мен турнир басталмас бұрын Словакияның фаворит екенін айтқан едім. Мұны топтағы басқа командалар да растады. Бәрі ертеңгі ойыннан кейін нақтыланады деп ойлаймын.