Мо ФАРА, Олимпиада ойындарының төрт дүркін чемпионы: Жүгірудің арқасында аман қалдым
5000 метрге, 10000 метрге жүгіруден Олимпиада ойындарының төрт дүркін чемпионы Мо Фара ВВС телеарнасына сұхбат беріп, тоғыз жасында Ұлыбританияға өзге адамның атын жамылып заңсыз жеткізілгенін мәлімдеді.
Шын есімі – Хуссейн Абди Каин
Мохамед Фара деген есімді оған Джибутиден алып кеткен адамдар қойған. Шын есімі – Хуссейн Абди Каин. Тоғыз жасында белгісіз әйел оны Лондонға әкеліп, бөтеннің балаларына қаратқызып қойған.
«Көп жыл бойы бұл туралы ойламауға тырыстым. Өмір бойы түк болмағандай жүре беруге тағы болмайды», – дейді спортшы.
Осы күнге дейін Фара өзін Британияға ата-анасымен бірге Сомалиден қашып келген босқын деп айтып келді.
Дегенмен оның ата-анасы Британ жеріне бір рет болсын аяқ баспаған болып шықты.
Деректі фильмде жеңіл атлеттің анасы мен екі бауыры әлі күнге дейін Сомалилендтегі фермада өмір сүретіні, ал әкесі Сомалидегі азаматтық қақтығыс кезінде қаңғыған оқтан көз жұмғаны айтылды. Сол оқиғадан соң Сомалиленд 1991 жылы аумағы бекітілмеген ел болып бөлінді.
Мо Фараның сөзінше, 8 немесе 9 жасына қараған шағында оны Джибутидегі туыстарының үйіне жіберген. Сол жақтан оны белгісіз әйел «Еуропадағы туыстарыңа барасың» деп алдап, Британияға алып келеді. «Мұны естіп қатты қуандым. Себебі бұрын-соңды ұшаққа отырып көрмеген едім», – дейді Мо.
Оған өзін Мохамед деп таныстыруды тапсырған. «Құжаттарым жалған екенін білдім, бірақ сурет менікі болатын. Атым жазылған жерде «Мохамед Фара» деп тұрды», – деп еске алады спортшы.
Ал Лондонның батысында орналасқан Хаунслоудағы пәтерге кірген соң әйел баланың ата-анасының мекенжайы мен туған-туыстарының телефон нөмірлері жазылған қағазды тартып алған.
«Көзімше қағазды жыртып, қоқысқа тастады. Сол кезде біткен жерім осы екен деп ойладым», – дейді Фара.
Моның сөзіне қарағанда, аштан қатпас үшін үйдің шаруаларын да, балаға қарауды да өз мойнына алған: «Егер туыстарыңды тағы көргің келсе, ешкімге ештеңе айтпа» деп тапсырды. Жуынатын бөлмеге кіріп алып талай жасымды төктім».
Бірнеше жыл бойы Моға мектепке баруға да рұқсат берілмеген. Әйтеуір 12 жасында Фелтамс колледжінің 7-сыныбына түседі. Мұғалімдерге Мо Сомалиден келген босқын екендігі ғана айтылған.
Спортшының бұрынғы оқытушысы Сара Ренни сұхбатында «Бала алғаш келгенде тым жасық, олқы-солқы киінген және ағылшын тілінде нашар сөйлейтін еді» деп еске алады.
Өзін оның ата-анасымыз деп таныстырған адамдар жиналыста бір де бір рет төбе көрсетпеген.
Алайда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Алан Уоткинсон жасөспірімнің спортқа деген ынтасы ерекше екенін бірден байқаған.
«Ол түсінетін жалғыз тіл дене шынықтыру мен спорт болатын», – дейді Уоткинсон.
Мо да бұл сөзді растайды: «Спортты сол кездегі қиындықтардан құтылып шығудың жалғыз жолы ретінде көрдім, бостандыққа шығып, тоқтаусыз жүгіре берсем дейтін-
мін».
Мо арада біраз уақыт өткен соң Уоткинсонге бар шындықты жайып салады.
«Шынайы Мо»
Мұғалімі тез арада әлеуметтік қызметке хабарласып, көп ұзамай Моны өзге сомалийлік отбасы асырап алды.
«Өз отбасымды қатты сағынатынмын, бірақ сол сәттен бастап өмірімнің жақсарғанын байқадым. Арқамнан ауыр жүк түскендей болды. Ішкі менімді тапқандай күй кештім. Міне, сол кезде Мо пайда болды, шынайы Мо», – дейді атлет.
Сол Мо енді спортты бағындыруға кірісті. 14 жасында ол Англия мектептерінің атынан Латвиядағы жарыстарға қатысуға шақырту алды. Бірақ жасөспірімнің құжаты жоқ болатын.
Уоткинсон тағы қарап қалған жоқ. Шәкіртіне Мо Фара деген атпен британ азаматтығына құжат тапсыруға көмектесті. Осылайша 2000 жылы Мо Ұлыбритания азаматы болып шыға келді.
Деректі фильмде жеңіл атлет енді елден шығарылуым да мүмкін деген үрейі барын жасырмады. Дегенмен Ұлыбритания Ішкі істер министрлігі сэр Моға қарсы ешқандай да шара қолданылмайтынын жеткізді.
Фильмде Мо неліктен шындықты айту туралы шешім қабылдағанын да түсіндірді. Заңсыз көші-қон мен құлдық туралы көпшіліктің көзқарасын өзгертсем дейді.
«Менің жолымды қаншама адамның жүріп өткенін бұған дейін бағамдамаған да екенмін. Қайта менің жолым болған екен. Осы күнге жеткенім, мені құтқарған – жүгіре алатындығым», – деді Мо.
Нағыз Мо Фара деген кім?
Фильмнің соңында атлет нағыз Мо Фарамен бейнебайланыс арқылы тілдеседі. Шынайы Фара жүгіруде ешқашан мықты болмағанын мойындады. Ал чемпион аттасымен жүзбе-жүз кездесу үшін барын салатынын айтты.
39 жастағы Мо Фара 2012 және 2016 жылдардағы Олимпиада ойындарында екі алтын медальден еншілеген. Сонымен қатар әлемнің алты дүркін чемпионы. Осы жетістіктері үшін оған сэр деген атақ берілген.
Дайындаған –
Мәдина Асылбек